Қазақ-қырғыз шекарасында ПТР анықтамасы жоқ 1300 шетелдік елге кіргізілмеді

0
1 894

Қырғыз Республикасынан келетін барлық азамат полимеразды тізбекті реакция әдісімен зертханалық зерттеуден өтеді және карантин стационарында 2 тәулікке оқшауланады.


иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне жол бермес үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс ұйымдастырылып, жүргізілуде, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева ӨКҚ ақпарат алаңында өткен брифингте баяндады.

«Науқастар және олармен байланыста болғандар белсенді түрде анықталады. Яғни, емханаға жүгінген коронавирус белгісі бар барлық адам ем алады. Оң нәтиже болған жағдайда эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүргізіледі және байланыста болған адамдар тексеріледі»,-деді С.Әлібаева.

Сонымен қатар, спикер коронавирус әкелу жағдайларын болдырмау үшін республика шекарасындағы өткізу пунктерінде бақылау жүргізіліп отырғанын атап өтті.

Яғни, облысқа Қырғыз Республикасынан келетін барлық азамат полимеразды тізбекті реакция әдісімен зертханалық зерттеуден өтеді және карантин стационарында 2 тәулікке оқшауланады, ал шетелдік азаматтарға зертхананың теріс нәтижесі бар анықтамасыз кіруге тыйым салынған.

«Жамбыл облысында 4 өткізу пункті жұмыс істеп тұр. Олар - Қордай ауданындағы «Қарасу», «Аухатты», Мерке ауданындағы «Сыпатай батыр» және Жамбыл ауданындағы «Айша бибі» бекеттері. 6 қазаннан бері 63206 адам шекарадан өтті. Оның ішінде 2267 адам 2 күндік стационарға жатқызылып, ПТР әдісімен тексеруге алынды»,-деді С.Әлібаева.

Сондай-ақ, ол шекарадан өткен тексерілгендер арасынан коронавируспен ауыратын 28 науқас анықталғанын тілге тиек етті. Анықталған науқастар оқшауланған.

Эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп, науқастар және олармен жақын байланыстағы адамдар медициналық бақылауға алынды.

Ал 1339 шетел азаматына теріс нәтижелі ПТР тесті болмағандықтан елімізге кіруге рұқсат берілмеген.