Қазақстан 1-10 қыркүйек аралығында Қытайға астық жөнелтуге тыйым салды

0
98

Бұған Алтынкөл стансасында жүк пойыздарының жиналып қалуы себеп болды.


Қазақстан 1-10 қыркүйек аралығында Қытайға астық жөнелтуге тыйым салды

фото: Пресс-служба Министерства сельского хозяйства Казахстана

ERNUR.KZ. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы бірқатар ауыл шаруашылығы тауарын Қытайға тасымалдауға тыйым салу туралы бұйрықты ұзартты. Құжатта бұл шара 1-10 қыркүйек аралығында әрекет ететіні айтылған, деп жазады sputnik.kz.
Бұйрыққа 2025 жылғы 26 тамызда қол қойылды. Құжатта теміржол құрамдарынан жүк түсірудің жүйелі түрде кешігуі және Қытай тарапының ауыл шаруашылығы өнімдері (астық дақылдары, бидай, зығыр, майлы дақылдар, арпа, мал азығы, ұн, қайта өңдеу өнімдері) тиелген жабық вагондарды Алтынкөл стансасы арқылы қабылдамауына байланысты стансада жылжымалы құрамның жиналып қалғаны хабарланған.
"Алдын ала мәлімет бойынша станцияда астық тиелген 310-нан астам жабық вагон тұр, олардың күту мерзімі жиырма тәулікке дейін барады", - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты 2025 жылғы 1 қыркүйектен 10 қыркүйекке (қоса алғанда) дейінгі кезеңде Алтынкөл өткізу пункті арқылы Қытай Халық Республикасына жөнелтілетін бидай, зығыр, майлы дақылдар, арпа, құрама жем, ұн, кебек, ұн және басқа да астық өңдеу өнімдері (жүгеріден басқа) тиелген жабық вагондарды тасымалдауға қабылдауға және қайта бағыттауға тыйым салу туралы шешім қабылданды.
Бұйрықта жағдай тұрақталған және тасымалдау шарттары жақсарған жағдайда аталған тыйым алынып тасталатыны да көрсетілген.