Қазақстан 2,5 миллиард доллар көлемінде еурооблигация шығарды

0
149

24 маусымда Қазақстан халықаралық капитал нарығына 2,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі егемен еурооблигация орналастырған.


Қазақстан 2,5 миллиард доллар көлемінде еурооблигация шығарды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстан 2,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі еурооблигация шығарды, деп жазады tengrinews.kz.

Қаржы министрлігі мәліметінше, 24 маусымда Қазақстан халықаралық капитал нарығына 2,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі егемен еурооблигация орналастырған, соның ішінде:

  • 7 жыл мерзімге 1,35 млрд АҚШ доллары сомасындағы транш, купондық мөлшерлемесі - 5%;
  • 12 жыл мерзімге 1,15 млрд АҚШ доллары сомасындағы транш, купондық мөлшерлемесі - 5,5%.
"Ұсыныстың алдында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Лондонда роудшоу өткізіп, оған шамамен 180 ірі инвестор қатысты. Еурооблигацияларға деген сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті, бұл Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келген әртараптандырылған әрі сапалы инвесторлардың жоғары қызығушылығын көрсетті", - деп жазылған хабарламада.

Мұнай бағасы күрт төмендеуі, геосаяси тұрақсыздық және базалық мөлшерлемелердің құбылмалы болуы сияқты күрделі жағдайларға қарамастан, Қаржы министрлігі осындай жұмыс істегені айтылды.

"Алынған кіріс деңгейі несие рейтингі жоғары (A/AA) Польша, Сауд Арабиясы және Чили сияқты елдердің көрсеткіштерімен салыстыруға келеді, BBB рейтингіндегі Мексика, Венгрия мен Перу сияқты елдерден айтарлықтай төмен болды. Қазақстан биыл A/BBB рейтингіндегі елдер арасында ең төменгі мөлшерлемелердің бірімен облигацияларды орналастыру бойынша рекорд орнатты", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік мәліметінше, бұл болашақта ұлттық компаниялар мен жеке сектор эмитенттердің шығарылымы үшін бенчмарк белгілеуге мүмкіндік береді.

"Еурооблигациялар Лондон қор биржасында, Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында және Қазақстан қор биржасында листингке енгізіледі. Қаржы министрлігі бұрын шығарылған және бұрын тартылған еурооблигацияларды толық көлемде қайта қаржыландырды", - деп жазылған хабарламада.