«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл». Қасым-Жомарт Тоқаев

0
212

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні!


«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл». Қасым-Жомарт Тоқаев

Кейде тіл туралы сөз болғанда мұны қатынас құралы ретінде ғана бағалап жатамыз. Дегенмен тереңдей түссек бұл ұғымның артында тұтас бір ұлттың, халықтың, мемлекеттің талай сүрлеуден өткен тағдыры, тарихы, өткені мен келешегі, мәдениеті мен әбдебиеті, әдет-ғұрпы мен салт дәстүрі және басқа да құндылықтары тұратынын анық аңғарасыз. Сол себепті кез келген елде тілге деген құрметті арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынған. Солардың бірі – Қазақстан Республикасындағы «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі. Бұл мерекенің де өзіндік тарихы бар.


Тарқатып айтар болсақ, осыдан 35 жыл уақыт бұрын 1989 жылдың 22 қыркүйегінде елімізде «Тілдер туралы» Заң күшіне енген. Алайда бұл мереке 1998 жылдан тойлана бастап, «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі 22 қыркүйекке белгіленген. Бірақ бұл датаның «ғұмыры» жиырма жылға жуық уақытқа созылып, 2017 жылы ел Үкіметі аталмыш мерекенің уақытын қыркүйектің 5-іне ауыстырды. Бұл шешімнің де өзіндік маңызы бар. Нақтырақ айтсақ 5 қыркүйекте – ұлттың ұлы перзенті атанған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы дүнеие есігін ашқан. Осылайша 2018 жылдан бұл мереке 5 қыркүйекте аталып өтетін болды.


Жалпы, ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда жүз отыздан аса этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде қазақ ұлты өкілдерінің үлесі жетпіс пайызды құрайды. Соған қарамастан, ұлт пен ұлыстар арасындағы татулыққа негіз болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында түрлі тілдерді дамытуға мүмкіндік беретін ұйымдар жұмыс істеп келеді. Оған қоса кейбір ұлт өкілдері шоғырланған аумақтарда белгілі бір этностың тілінде білім беретін мекемелер қарастырылған.


Ал, мемлекеттік әрі ана тіліміз – қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ел Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген болатын. Мұндағы мақсат қазақ тілін жан-жақты дамытып, мәртебесін арттыру екендігі айтпаса да түсінікті.


Қазіргі уақытта елімізде естияр тұрғындарға қазақ тілін үйрететін жүздеген орталық жұмыс істеп, ынталы жандарға ақысыз қызмет көрсетіп келеді. Ал, қазақ тілін өзі үйренгісі келетіндер үшін бірнеше мобильді қосымшалар әзірленген. Одан өзге қазақ тіліне деген құрметті арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында көптеген байқаулар мен науқандар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.


Мемлекет басшысы да тілдің мәртебесін көтеру бағытына әрдайым қолдау білдіреді. Оның бір дәлелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», - деген сөзі. Қуанышымызға орай, тіл жайында мәселелер бар болғанымен, қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтар саны жыл сайын көбейіп келе жатыр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ