Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру бойынша Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі уәкілетті органдар болады.
Фото: Қорғаныс министрлігі
ERNUR.KZ. Бүгін Құрылтай отырысында «Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады inform.kz.
- Келісіммен әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізуді жүзеге асыру, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі жұмыстарды орындау, бірлескен ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, технология трансферлері, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу сияқты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары көзделген. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынауды жүргізу кезінде әскери инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкін болғандықтан, келісім ратификациялауға жатады, - деді министр орынбасары.
Оның мәліметінше, Қазақстан тарапынан келісімді іске асыру бойынша Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі уәкілетті органдар болады. Келісім аясында ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін тараптармен әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылады.
- Заң жобасы республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді. Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешені мен әскери-техникалық ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін болады, - деді Шайх-Хасан Жазықбаев.


