​БАЛАға КӨКӨНІС жеуді үйретудің 12 құпиясы

0
212

Жас ағзаның саулығы әрі жақсы дамуы үшін маңызды


​БАЛАға КӨКӨНІС жеуді үйретудің 12 құпиясы

Сурет: ЖИ

Дұрыс тамақтанудың денсаулық үшін маңызы қаншалықты екені аз айтылмайды. Сапалы тамақтанудағы негізгі азық-түліктер – көкөніс екені де белгілі. Алайда, күнделікті мәзірде көкөніс пен көк-сөктердің түр-түрін тұтынатындар қатары сирек. Көптеген ата-аналар үшін балаға көкөніс жегізу мүмкін еместей. Тамақтану салтын жолға қоюға шешім қабылдап, жаңадан бастаса, көкөніс жегізу күнделікті шағын соғысқа айналады.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) «Дұрыс тамақтану» жөніндегі ресми ақпараттық бюллетенінде балалардың рационына көкөністер мен жасыл жапырақты көкөністерді (салат жапырақтары, шпинат, аскөк, қырыққабат т.б.) күнделікті қосуды қатаң ұсыным ретінде бекітілген. Бұл жас ағзаның дұрыс өсіп-жетілуі, микронутриенттер тапшылығының алдын алу және семіздік пен жұқпалы емес ауруларға қарсы тұру үшін қажет.



ДДҰ-ның ресми мәлімдемесіне сәйкес күнделікті көкөніс пен жеміс нормасы:

  • 6–23 айлық сәбилер – қосымша тағам енгізудегі ДДҰ нұсқаулығында күн сайын көкөністер мен жемістер беру міндетті практика ретінде бекітілген. (WHO guideline for complementary feeding of infants and young children 6–23 months of age, 2023 жыл; [https://www.who.int/publications/i/item/9789240081864)
  • 2–5 жас аралығындағы балалар – күніне кемінде 250 грамм көкөніс пен жеміс (және кемінде 15 г тағамдық талшық). (Carbohydrate intake for adults and children: WHO guideline, 2023 жыл; [https://www.who.int/publications/i/item/9789240073593])
  • 6–9 жас аралығындағы балалар – күніне кемінде 350 грамм көкөніс пен жеміс (және кемінде 21 г тағамдық талшық)
  • 10 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер – ересектермен бірдей, күніне кемінде 400 грамм (шамамен 5 порция) көкөніс пен жеміс (және кемінде 25 г талшық)

Бұл нормалар ересектер мен балалардың көмірсуларды тұтынуы жөніндегі ДДҰ нұсқаулығында көрсетілген. Рационда міндетті түрде А дәруменіне бай және басқа да жасыл көкөністер болуы шарт. Картоп сияқты крахмалды тамыржемістер бұл санатқа кірмейді. ДДҰ нұсқаулықтарында қою жасыл жапырақты көкөністер балалардағы А дәрумені тапшылығын, темір тапшылықты анемияны жою және сүйек тінін кальциймен қамтамасыз етудің басты көзі аталған.

Дәрігерлер мен нутрициологтар көкөністен бас тартқан балаға аздап айла-амал қолдануды ұсынады. Көкөніс жемеу – жай ғана еркелік емес, көбіне физиология мен әдетке байланысты. Баланы қинамай, керісінше қызықтыра отырып үйреткен тиімді. Бұл әдеттен бас тартып, жаңа пайдалы дағды қалыптастыруы үшін мына амалдарға жүгініп көріңіз.


Өзіңіз үлгі болыңыз

Балалар басқаларға еліктейді. Ата-ананың дастарқан басындағы әдеті – бала үшін басты бағдар. Сондықтан, көк-сөкті алдымен өзіңіз жеңіз. Егер достарының арасында көкөністі сүйсініп жейтін бала болса, сіздің балаңыз да қызығушылықпен дәмін татып көруі мүмкін. Көкөністі күнделікті әдетке айналдырған қонақжай үйлерге бірге барып тұрудың да пайдасы бар.


Аздап айла қолданыңыз

Егер бала сорпадағы пияз бен сәбізді теріп отыратын болса, оларды көзге көрсетпей-ақ пайдасын алуға болады. Мәселен сорпа қайнатқанда ішіне балдыркөк, сәбіз, түсті қырыққабат, пияз және аскөк салып пісіріп, дастарқанға берер алдында сорпаны сүзіп алуға болады. Осылайша көкөністердің дәрумендері мен микроэлементтері сорпада қалады, ал бала еш қиналмай ішіп алады.


Смузи мен езбе жасаңыз

Америкалық клиникалық диетология журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша, көкөністерді езбе немесе смузи түрінде қабылдаған балалар бүтіндей жеуге мәжбүр болған құрдастарына қарағанда екі есе көп пайдалы зат алған. Блендерге жарты авокадо, аздаған шпинат, жарты банан, піскен асқабақ пен сүт қосып араластырсаңыз, өте дәмді әрі пайдалы сусын шығады.


Кешкі асты көкөністен бастаңыз

Негізгі тамақ піскенше балалардың алдына түрлі-түсті туралған көкөністер қойыңыз. Әдетте біз тамақ алдында нан береміз де, балалар сонымен тойып қалады. Нанның орнына көкөніс ұсыну ең тиімді әдіс.


Шағын мерекеге айналдырыңыз

Тамақтануды қызықты оқиғаға айналдыру балаға психологиялық тұрғыда көмектеседі. Мысалы, көкөністерді түрлі пішінде тураңыз. Түрлі-түсті, сан алуан пішіндегі тәрелкелер қолданыңыз. Аптаның бір күнін «итальяндық кеш» деп атап, қызанақтан жасалған түрлі тағамдар ұсыныңыз.


Сары май қосыңыз

Балалардың брокколи немесе қырыққабатты ұнатпауының бір сыры бар. Олардың дәм сезу рецепторлары ересектерге қарағанда әлдеқайда сезімтал келеді. Сондықтан көкөністегі ашқылтым дәмді қатты сезеді. Инстинкт бойынша, ащы нәрсені «қауіпті» деп қабылдайды.

Осы ащы дәмді басу үшін көкөністерге аздап, 1 ас қасық шамасында сары май қосып беріңіз. Бұл бір жағынан, дәрумендердің жақсы сіңірілуіне де әсер етеді. Медициналық тұрғыдан алғанда, көкөністердегі A, D, E, K дәрумендері майда еритін дәрумендер қатарына жатады. Демек, аздаған май қосылғанда олар ағзаға әлдеқайда жақсы сіңеді.


Қарны ашқан сәтті күтіңіз

Әрине, баланы аш ұстаудың қажеті жоқ. Бірақ қосымша тіскебесар, печенье бермеңіз. Негізгі ыстық тағамның уақытын күтсін. Уақыты келгенде қарны ашып тұрған бала ұзыншалап туралған сәбізді, қиярды немесе тәтті бұрышты ойланбастан жеп қояды.

Америкалық диетолог, нутрициолог және балалар тағамы жөніндегі маман Иллис Шапироның «Parents» журналына берген сұхбатында балалар мектептен қарны ашып келген сәтте (кешкі ас дайын болғанға дейін) ең қолжетімді әрі көз алдында тұрған тағамды жейтінін айтып, үстел үстіне туралған шикі көкөністерді (сәбіз, қияр, тәтті бұрыш т.б.) алдын ала қойып қою әдісін бөліскен.


Бақшадан өз қолымен жинатыңыз

Дүкен сөресінен алынған көкөніске қарағанда, баланың өз қолымен күтіп-баптаған немесе бақшадан үзіп алған қияры мен жасыл бұршағы әлдеқайда тәтті көрінеді. Жаз мезгілінде саяжайға немесе ауылға барғанда көкөністерді бірге теріп, бірден жуып, жеп көруге жағдай жасаңыз.


Тамақты баламен бірге дайындаңыз

Америкалық педиатрия академиясының зерттеулеріне сәйкес, ас әзірлеу процесіне қатысқан балалар жаңа тағамдардың дәмін татуға әлдеқайда ашық болады. Балаңызға көкөністерді жуу, тұз себу, асты араластыру секілді жеңіл жұмыстарды тапсырыңыз. Өз қолымен жасаған асты бала мақтанышпен жейді.


Көкөністерді үй тұздығына (соусқа) қосыңыз

Дүкендегі майонез бен кетчупте қант пен консерванттар көп болғандықтан, тұздықты үйде жасаған дұрыс. Табиғи грек йогуртына аздап ұсақталған сарымсақ, аскөк, тұз және үккіштен өткізілген қияр қосып араластырыңыз.


Таңдау еркіндігін беріңіз

Балаға таңдау құқығы берілгенде, ол өзін ересек сезінеді және шешімі үшін жауапкершілікті алады. Түскі асқа түрлі-түсті екі көкөніс дайындап, «Бүгін брокколи жейсің бе, әлде сәбіз бе?» деп сұраңыз. Сонда таңдаған тағамын міндетті түрде жейді.


Ешқашан күштеп жегізбеңіз

«Баламның көкөніс жеген-жемегеніне неғұрлым аз мән берсем, соғұрлым көбірек жейді» дейді Иллис Шапиро америкалық «Parents» журналына берген сұхбатында. Нутрициолог басқа ата-аналарға да солай жасауға кеңес береді. Бұл тұста маңызды бір нәрсе – күні бойы тәтті, печенье сияқты ұсақ тіскебасарларды азайту. Сонда кешкі асқа қарай баланың тәбеті ашылып, көкөніске де қызығушылығы оянады.

Баланың дәм сезу әдетін өзгерту үшін уақыт пен сабыр керек. Ғылыми деректер бойынша, жаңа көкөністі қабылдауы үшін оны орта есеппен 8–15 рет ұсынып көру қажет болуы мүмкін. Сондықтан бір рет бас тартқаны үшін үміт үзбей, жоғарыдағы тәсілдерді кезекпен қолданып көріңіз.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:

Бұл ДӘРІлерді қабылдағанда, КӨП әрі ЖЫЛДАМ қозғалуға болмайды


Паспорттағы емес, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАСыңыз қаншада?

КАРЬЕРА мен мол ТАБЫС үшін қай ТІЛді үйренген тиімді?