Numbeo порталының мәліметінше, еліміздегі тұрғын үйге қолжетімділік көрсеткіштері айтарлықтай жақсы.
ERNUR.KZ. Қазақстан Азияның 40 елі арасында 13-орында болса, әлемнің 113 елі арасында 33-орынға тұрақтады, деп жазады inbusiness.kz.
Аталмыш рейтинг пәтер құны мен "таза" жалақыға байланысты отбасының орташа жылдық табысының қатынасына сүйене отырып дайындалған. Бұл тізімде Өзбекстан 75-орында, Ресей 88-орында, Беларусь 90-орында тұр. Рейтингте Сауд Арабиясы мен БАӘ елдері топ бастады, ал Сирия ең соңғы орынға орналасты.
Ranking.kz жазуынша, еліміздің 33-орында орналасуы тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі тұрғысынан бірқатар қиындықтың бар екенін көрсетеді. "РИА Рейтинг" деректеріне сәйкес, Қазақстан жан басына шаққандағы ипотекалық қарыз көлемінің ең төмен көрсеткіштері бойынша Еуропаның 33 елінің арасында ең әлсіз позицияға ие болған. Десек те, басқа елдерге қарағанда ипотекалық нарықтың даму қарқыны әлдеқайда жоғары.
Ақпаратқа сәйкес, елдегі коммерциялық ипотека шеңберіндегі қарыздар халық үшін тым қымбат. Бүгінде тұрғын үй мәселесінің оңтайлы шешімі – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесімен қаражат жинақтап, кейіннен қолжетімді ипотека алу.
Numbeo мәліметінше, қала орталығындағы пәтердің құны бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 104 елдің ішінде 11-орынға орналасты.
Ал, Өзбекстан бұл рейтингте 14-орында болса, Беларусь 37-орынға, Армения 60-орынға, Ресей 70-орынға тұрақтады. Тізімді Египет, Пәкістан және Венесуэла елдері бастады, ал ең соңғы орынға Гонконг (Қытай) орналасты.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, осы жылдың қараша айында елдегі жаңа тұрғын үйдің бағасы бір шаршы метр үшін 435,9 мың теңгені құрады, ал қайталама нарықтағы пәтерлердің құны бір шаршы метр үшін 489,7 мың теңге болды.