Қазақстанда 1 сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады

0
899

​2023 жылдың 1 сәуірінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады.


Қазақстанда 1 сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады

ERNUR.KZ. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған еді. Аяқ киіммен айналысатын кәсіпкерлер үшін не өзгереді, ережелерді бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған және аяқ киімді бөлшектік бақылау жүйесінде неліктен тіркеу қажет? Сауда және интеграция министрлігі осы мәселелерді кеңінен түсіндіріп берді, деп жазады stan.kz.

Аяқ киімді таңбалау мәселесіндегі өзгерістерді министрлік ресми сайтында жариялады. Онда 2021 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау енгізілгені жазылған. Бұл елге кіретін әрбір өнім туралы ақпаратты тіркейтін және бірегей деректер матрицалық коды арқылы қадағалайтын жүйе, өндірушіден/импорттаушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі өнімнің бүкіл жолын көрсетеді. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету.

Қазақстанда таңбалау және қадағалау жүйесі үш өнім тобына қолданылады: темекі (таңбалау коды 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап акциздік таңбаның функциясын ауыстырды), аяқ киім (2021 жылғы 1 қарашадан бастап) және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау енгізілуде. Міндетті таңбалауға жататын тауар топтары (яғни, тауардың даналары бойынша есепке алу және тауардың толық жүру жолын қадағалау) негізгі критерийлер бойынша таңдалады:

1) көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі;

2) халықтың денсаулығына жоғары қауіп.

Темекі өнімдері мен дәрі-дәрмек айналымын цифрландыру қажеттілігі түсінікті болса, таңбалауға міндетті етіп "аяқ киім" өнім тобын таңдау барлығына бірдей түсінікті емес. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аяқ киімнің көлеңкелі айналымының үлесі 48 пайызды құрайды, яғни әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінеді. Олардың үлкен ағыны Қытайдан келеді. Кедендік статистикаға сүйенетін болсақ, деректердегі сәйкессіздіктер толық көріністі көрсетеді: Мысалға 2021 жылы Қытай кеден қызметі Қазақстан Республикасына экспортты қазақстандық деректерден 2 еседен астам сомаға тіркеген. Бұл шамамен 780 миллион долларды құрайды.

Аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау қалай енгізілді

2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстанда аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жобаға аяқ киім саласынан 19 қатысушы, 5 өндіруші-дистрибьютор, 13 импортер-дистрибьютор және 1 уәкілетті экономикалық оператор (барлығы Қазақстан Республикасының резиденттері), яғни көтерме және бөлшек сауда компаниялары қатысты.

Жоба барысында техникалық аспектілер пысықталды: физикалық таңбалау, кодтарды құрастыру және беру, нарық қатысушыларының деректер базасымен жұмысы, сауда нүктелері мен тұтынушылардың таңбаланған аяқ киімді сканерлеуі, дерекқордың жұмысын қадағалау, тұтынушыларға арналған мобильді қосымшаны әзірлеу, қабылдау және тауарды беру және айналымнан сатылған бірліктердің кодын шығару.

Пилоттық жобаның нәтижелері 2021 жылғы 11 мамырдағы қоғамдық тыңдауларда талқыланып, ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 7 шілдесіндегі шешімімен аяқ киімді таңбалауды енгізуге реттеуші ықпалды талдау нәтижелері бекітілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 тамыздағы № 588 қаулысымен аяқ киім өнімдері Қазақстан Республикасында таңбалануға жататын міндетті тауарлардың тізбесіне енгізілді.

Осылайша, 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды. Алайда шын мәнінде кәсіпкерлер әлі де ықылассыздығын білдіріп, жеңілдік сұрап отыр, ал қадағалаушы мемлекеттік органдар кәсіпкерліктің өтініші бойынша нормативтік құқықтық актілерге жеңілдіктердің басым бөлігін қолдап енгізді.

Мысалы, 2022 жылдың 1 сәуірінен 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор қалдықтарды таңбалау жүйесінде тіркелген кәсіпкерлерге тегін таңбалау кодтарын үйлестіріп берді. Аяқ киімді импорттаушыларға 2023 жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан Республикасындағы өз қоймаларында кедендік ресімдеу жасалысымен аяқ киімге таңбалауды жүргізуге рұқсат берілді. Бизнестің сұранысы бойынша жүйенің функционалдығы бірнеше рет өзгертіліп бейімделді. Сонымен қатар, кері байланыс алу және жинау үшін тұрақты негізде оқыту шаралары, жеке консультациялар және кәсіпкерлермен "тікелей" кездесулер өткізілді.

Қазақстан Республикасында аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілген күннен бастап 1,5 жыл ішінде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша тауар айналымына 2,8 мыңнан астам қатысушы (оның ішінде 115 өндіруші, 774 импорттаушы және 1602 бөлшек сауда, 341 көтерме сауда өкілдері), өнім каталогында 1 226 725-тен астам өнім картасы тіркелген. Осының барлығы бизнестің аяқ киімді таңбалау жобасына қатысуының жоғары динамикасын айғақтайды.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап не өзгереді?

Бизнес үшін басты жеңілдіктердің бірі 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін таңбаланбаған аяқ киім қалдықтарын (міндетті аяқ киім таңбалау басталғанға дейін, яғни 2021 жылдың 1 қарашасына дейін әкелінген) сатуға рұқсат беру болды. Бастапқыда бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуіріне белгіленді. Бірақ кәсіпкерлердің жаңа ережелерге бейімделуіне көбірек уақыт беру туралы өтініші бойынша бұл мерзім бір жылға ұзартылды. Бұл ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарды таңбалау және қадағалау ережесіне сәйкес кәсіпорынның таңбаланбаған аяқ киім қалдықтарын сатуға құқығы жоқ деген сөз. Таңбалау және қадағалаудың қалған ережелері өзгерген жоқ.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының заңнамасында аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылмаған.

Аяқ киім бұйымдарының таңбалануы мен қадағалануының әсері

Цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқ киім импорты 13 миллион жұпқа (30 пайызға) өсті (37,2 миллион жұптан 53,1 миллион жұпқа дейін). 2018-2020 жылдар кезеңіне таңбалау енгізілгенге дейін аяқ киім импорты 35-тен 39 миллион жұпқа дейін ауытқиды.

Сонымен қатар, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелген аяқ киім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55 пайызға, ал 2022 жылдың 11 айында салық түсімдері 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.

Қазақстан Республикасындағы аяқ киім импортының өсу динамикасы және салық түсімдері түріндегі бюджет түсімдерінің айтарлықтай артуы таңбалау және қадағалау жүйесінің тиімділігін дәлелдейді.