Әйел премьер-лига ойыны кезінде жарақат алған.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде көпбалалы ана футбол матчында бетіне доп тиіп, ауруханаға түсті. Ол матч ұйымдастырушылары көрермендердің қауіпсіздігін ойластырмағанына шағымданды, деп жазады stan.kz.
Әйел премьер-лига ойыны кезінде жарақат алған. Ойын барысында доп жоғары жылдамдықпен оның бетіне тиіп кеткен. Соққының қатты болғаны сонша, жанкүйердің мұрнынан қан кеткен. Оны шұғыл түрде стадионнан шығарып, жедел жәрдем шақырған. Алайда әйел бұл туралы әлеуметтік желіде айтқан кезде сын естігенін алға тартты.
“Пікір жазғандар: "Доп жиі ұшады, ешкім шағымданбайды" дейді. Меніңше, ешкім шағымданбайды, себебі тағы да ұят, қысылу бар. Қазір маған да: "Сіз байбаламшыл әйел екенсіз" деп жазып жатыр. Мен байбалам салмадым. Тек болашақта қауіпті жарақаттың алдын алғым келеді. Тағы да қайталаймын, мен ересек адаммын. Барлық жағдайды ескере отырып, өзімді ұстай алдым”, – деді Аянай Елтоқова.
Аянай Елтоқова орталық стадионға күйеуімен және 10 жастағы ұлымен келген. Алаңда "Ақтөбе" клубы Өскеменнің "Алтай" командасын қабылдаған. Әйел екінші қатарда отырған және бір сәтте қауіпті шабуылды телефонға түсірмек болған. Бірақ бір секунд өтпей жатып, доп үлкен жылдамдықпен тура оның бетіне тиген. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты диагнозын қойған. Қазір әйел басының ауыратынын және ұйқысыздық мазалайтынын айтып отыр. Төрт баланың анасы соққының салдары кейінірек байқалуы мүмкін деп қауіптенеді.
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, матч ұйымдастырушылары көрермендердің қауіпсіздігін жақсырақ ойластыруы керек еді. Ал допты трибунаға тепкен ойыншысы бар Өскемен командасы қазір кешірім сұраған. Сонымен қатар стадион басшылығы мен "Ақтөбе" футболшылары мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысып жатыр.
“Футбол клубының тарихында мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Біз ресми түрде кешірім сұрадық, ертең кездесуге келістік. Біз оған және күйеуіне бір жылдық абонемент пен "Ақтөбе" ФК жейделерін сыйлаймыз. Әдетте тор қойылмайды. Тіпті халықаралық стандарттар бойынша да торлар тек қақпаның артына орнатылады”, – деді "Ақтөбе" ФК медиа бөлімінің маманы Әсет Жомарт.


