Қазақстанда 1 шілдеден бастап өндірілген дәрілік препараттарды таңбалау басталады

0
312

Тиісті өзгерістер 2020 жылғы 10 қыркүйектегі Үкімет қаулысына енгізілуде.


Қазақстанда 1 шілдеден бастап өндірілген дәрілік препараттарды таңбалау басталады

ERNUR.KZ. Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген препараттарға ғана енгізілетін болады. Бұл туралы Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тиісті өзгерістер 2020 жылғы 10 қыркүйектегі Үкімет қаулысына енгізілуде. Бұл дәріханалар мен дистрибьюторларға таңбалау кодтарын есепке алу және қадағалау үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын нақтылауға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша 383 көтерме қойманың 287-сі қажетті жабдықтармен жабдықталған, 15 өңірде тексеріс жүргізілді. Жақын арада қалған 5 өңірге шығу қарастырылып отыр.

«Жалпы елімізде цифрлық таңбалауды енгізудің оң серпіні байқалады: Қазақстанға аяқ киімнің ресми (анықталған) импорты 2019 жылы 39,5 млн жұптан 2023 жылға қарай 54,5 млн жұпқа дейін өсті. Бизнеске аяқ киімнің қалдықтарын белгілеу үшін үш жылға жуық өтпелі кезең берілді (2021 жылдың 1 қарашасынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін). Сонымен қатар кеден қоймаларының аяқ киімді таңбалауға дайын еместігін ескере, кеңес қорытындысы бойынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне импорттаушылардың өз қоймаларында аяқ киімді таңбалауға рұқсат беру мәселесін пысықтау тапсырылды», - делінген Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ кеңесте зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізу бойынша бейінді министрліктердің баяндамалары тыңдалды.