Балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы тек ата-ананың рұқсаты берілгеннен кейін ғана салынады
ERNUR.KZ. Қазақстанда 12 жасқа толмаған балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға рұқсат берілмеген, деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова.
Журналистер Есмағамбетоваға қазақстандық ата-аналар 12 жасқа толмаған баласына өз еркімен коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма деген сұрақ қойды, деп жазады sputnik.kz.
Комитет басшысы Қазақстанда ресми тіркелген Pfizer вакцинасының нұсқаулығында тек 12 жастан асқан балаларға салуға болатыны жазылғанын айтты. Алайда АҚШ-та Pfizer вакцинациясын 5 жасқа толған балаларға салуға рұқсат бар.
"Егер өндіруші тиісті құжатты біздің Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына тіркеуден өткізуге енгізсе, нұсқаулықта 5 жастан бастап деп көрсетсе, бұл оны 5 жасқа толған балалардан бастап салуға мүмкіндік береді. Алайда қазір бекітілген нұсқаулыққа сәйкес 12 жастан бастап қана салуға болады", - деді Есмағамбетова үкімет отырысынан кейін.
"Біздің заңнамаға сәйкес нұсқаулық Қазақстанда тіркелуге тиіс. Сонда ғана 12 жасқа толмаған балаларға да пайдалануға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ол.
Айта кетері, балаларға коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы тек ата-ананың рұқсаты берілгеннен кейін ғана салынады.
Вакцина 12-17 жас аралығындағы балаларға, жүктіліктің 16-37 аптасындағы әйелдерге және босанғанына 42 күн болған емшектегі баласы бар әйелдерге салынады.