Бүгінде еліміз бойынша судья қызметіне 245 бос орын бар
ERNUR.KZ. Судьялардың шамадан тыс жұмыс жүктемесі олардың денсаулығына, отбасылық өміріне қатты әсер еткендіктен, судьялар қызметінен кетуге мәжбүр. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. Олардың бірі судьяларға жүктелген жұмыстың шамадан тыс көп болуы. Бір судьяға жүктелген орташа айлық жұмыс тізбегінде 147 іс пен материалдар қамтылған. Осы орайда судья күніне кем дегенде 7-8 істі қарап шығуы тиіс, сондай-ақ олар бойынша шешім жасауы керек», - деді А.Рахметулин судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Сонымен қатар ол жыл сайын сот қарауына енгізілетін істер саны артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан судьялар демалыс және мереке күндері де жұмысқа шығуға мәжбүр.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай жүктеме олардың денсаулығына, отбасылық өміріне әсер етуде. Соның кесірінен кәсіби судьядар өз еркімен қызметінен кетіп жатады. Бүгінде еліміз бойынша судья қызметіне 245 бос орын бар», - деді ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, дөңгелек үстел отырысында Астанада орналасқан ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо қазақтың үш биі судьяларды тәрбиелеу ісінде өте жақсы үлгі болып отырғандығын айтқан болатын.