Қазақстанда 800 жаңа мектеп салынады – Тоқаев

0
581

​Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылуы керек.


Қазақстанда 800 жаңа мектеп салынады – Тоқаев

ERNUR.KZ. Қазақстанда апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу үшін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезінде мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Еліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз", - деді Тоқаев.

Президент барлық мектеп интернетпен, компьютермен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, айтуынша, ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылуы керек.

Бұған дейін президент студенттердің шәкіртақысы екі есеге көбейетінін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, 25 қарашада Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Жиын барысында партия атынан алдағы мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлер тізімі бекітілді.

Жалпы Nur Otan-ның партиялық тізімі 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша бекітілді.

Мәжіліс депутаттығына үміткер болатын белгілі азаматтар арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бекболат Тілеухан, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Айдос Сарым және тағы басқалары бар.

Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.