Қазақстанда әділет саласын цифрландыру: жаңа сервистер уақыт пен қаражатты үнемдейді

0
90

«Е-Заң көмегі» мобильді қосымшасы іске қосылды.


Қазақстанда әділет саласын цифрландыру: жаңа сервистер уақыт пен қаражатты үнемдейді

ERNUR.KZ. ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында азаматтарға құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрлық жобалардың енгізілуі туралы айтты.

Атап айтқанда, «Е-Заң көмегі» мобильді қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен пайдаланушылар адвокаттарды табады жасанды интеллект арқылы кеңес алып, сондай-ақ колл-орталыққа жүгінуге болады. Колл-орталықтың екінші желісі арқылы азаматтарға Әділет министрлігінің білікті мамандары тегін заң көмегін көрсетеді.

Тағы бір маңызды бағыт – «Цифрлық нотариат» жобасы. Бұл сервис нотариусқа жеке бармай-ақ, бейнебайланыс арқылы сенімхаттарды қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік береді.

«Осы сервис арқылы біз 800 мыңнан астам сенімхат бердік. Азаматтардан шағымдар мен сот даулары тіркелген жоқ. Цифрлық нотариат – азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге мүмкіндік беретін жоба», – деп атап өтті Бекболат Молдабеков.

Сонымен қатар спикер атқарушылық нотариалдық жазбаны цифрландыру жүзеге асырылғанын айтты. Жоба азаматтардың бұрын хабарландыру тәртібіне қатысты шағымдарын ескере отырып әзірленген. Бұрын 10 күн ішінде жауап болмаған жағдайда шоттар бұғатталуы мүмкін болса, енді SMS-хабарламасы бар жеке кабинет енгізілді. Сервис іске қосылғаннан кейін Әділет министрлігіне түсетін өтініштер саны 30%-ға азайған.

Бұдан бөлек, атқарушылық өндірісті цифрландыру жалғасуда. Жоба аясында жасанды интеллект негізінде жеке сот орындаушысының қызметін атқаратын робот енгізілді. Ведомство мәліметінше, бұл жүйені пайдалану азаматтарға шамамен 3 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар енді айыппұл сомасының 25%-ы көлеміндегі жеке сот орындаушысының комиссиясын төлеу қажеттілігі жойылды.