Қазір парламент арнайы заң жобасын қарап жатыр.
ERNUR.KZ. Қазақстанда әншілердің алдын ала жазылған фонограммамен ән айтуына заңмен тыйым салынады. Бұл туралы бүгін «AMANAT» партиясының жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысында мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Айта кетейік, кеңестің бүгінгі отырысында Қазақстандағы креативті экономиканың дамуы талқыланды.
«Қазір креативті индустрия саласы бойынша мамандар елімізде негізгі деген 43 бағытты айқындады. Әр саланың өзіндік маңызы ерекше. Мұның ішінде ұлттық құндылықтарға да баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай біздің осы креативті индустрия саласындағы талантты жастарды таныту мен әлемдік деңгейге көтеру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Нәтижелері де жаман емес. Дегенмен де әлі де болса нақтылап, жөнге келтіретін тұстар жеткілікті. Түрлі ұсыныстар да келіп жатыр, оның бәрімен танысып талқылаудамыз»,-деді Нартай Сәрсенғалиев.
Талқыланып жатқан заң жобасындағы нормалар бойынша енді орындаушылардың барлығына арнайы орталықтан тиісті лицензия беріледі.
Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, отандық креативті индустрия саласына 4,5 млрд тг көлемінде қаражат қарастырылған. Оның 15 пайызы республикалық бюжеттен алынса, қалғаны «Сәтті жұлдыз» лоторэяларынан тартылмақ.
Ал, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, креативті индустрияда тіркеліп жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматыда орналасқан.
«Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес елімізде индустрия саласы бойынша Тіркелген субъектілер саны не бары 470-тен аспаған. Оның 200 ден астамы Алматы қаласында тіркелген. Қалған субьектілер Астана, Шымкент қалаларында. Саланы заңды түрде табыс көзі етіп отырғандардың мұншалықты аз болуы ойлантадын дүние екені рас. Осыған қарамастан құзырлы орган ретінде біз түрлі байқаулар мен өнер сайыстарын өткізіп келеміз. Оның ішінте елге белгілі телевизиялық бағдарламалар да бар. Ал біздің зерттеуіміз бойынша бүгінгі таңде елімізде сала бойынша авторлық құқық мәселесі ең өткір болып тұр. Мұны реттейтін уақыт жетті»,- дейді Евгений Кочетов.