Қазақстанда әскерден жалтарғандарды іздеу тәртібі өзгереді

0
556

Құжат жобасында бұдан былай азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату дұрыстығы тексерілетіні айтылған.


Қазақстанда әскерден жалтарғандарды іздеу тәртібі өзгереді

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігінің сайтында Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Құжат жобасында бұдан былай азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату дұрыстығы тексерілетіні айтылған.

«Оның ішінде бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында жарамдылығы шектеулі және әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған әскерге шақырылушылардың барлық жеке істеріне тексеру жүргізеді», - делінген заң жобасында.

Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды немесе одан босатуды ұсыну тәртібі «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсету ережесіне және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» Мемлекеттік қызмет көрсету ережесіне боынша жүзеге асырылатыны айтылған.

«Әскерге шақырылушылар аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмеген, сондай-ақ шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған барлық жағдайлар туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру және әскерге шақыру пунктіне келуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына хабарлайды», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, заң жобасында мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарған және әскерге шақыру кезеңінде медициналық комиссияларына келмеген шақырылушыларды іздестіру үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары бірлескен қызмет жоспарларын әзірлеп, бірлескен тұрақты жұмыс істейтін топтар құратыны айтылған.

Ол үшін мынадай құжаттама әзірленеді:

1) әкімдіктің «Әскери есепке қоюдан және әскери қызметке шақырудан жалтарған азаматтарды іздестіруге байланысты іс-шаралар өткізу туралы» қаулысы (шешімі);

2) қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бөлімдер) мен Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары «Азаматтарды әскери қызметке шақыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы» бірлескен бұйрығы, онымен бірлескен іздестіру топтары құрылады;

3) алғашқы әскери есепке қоюдан және әскери қызметке шақырудан жалтарған азаматтарды туған жылы бойынша есепке алу кітабы жүргізіледі.

Әскери міндетті орындаудан жалтарған азамат ретінде мына санаттағы адамдарға іздестіру жүргізіледі:

- қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға (бөлімдерге) алғашқы әскери есепке қоюға байланысты іс-шараларға келуден жалтарғандар;

- әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шараларға келуден жалтарғандар;

- шақыру комиссиясына келуден жалтарғандар;

- әскерге жөнелтуге келуден жалтарғандар;

- медициналық тексеруден өтуден жалтарғандар;

- әскери есептен шығарусыз кеткен және жаңа тұрғылықты жері бойынша әскери есепке уақтылы тұрмаған азаматтар (ұзақ іздестірудегі азаматтар).