Статистика комитетінің іздеу жүйесі арқылы Қазақстанда Борат есімді қанша адам тұратыны анықталды.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy
ERNUR.KZ. Жақында көпшілік Қазақстанның атына кір келтірді деп айыптаған «Борат» фильмінің жалғасы шықты. «Борат» комедиясының бірінші бөлімінде Америка жеріне барған Борат атты «қазақ журналисінің» басынан кешкені баяндалады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кинодағы басты кейіпкер –Борат Сағдиевтің рөлін сомдайтын ағылшын актері Саша Барон Коэн түскен «Борат» фильмінің алғашқы бөлімі 2006 жылы көрерменге жол тартса, «Борат-2» деген атаумен шыққан сиквелдің премьерасы 2020 жылдың 23 қазанында Amazon Prime сервисінде болды.
Фильмнің премьерасы болған күні Алматыда бір топ жас АҚШ-тың Бас консулдығының алдына жиналып, «Борат-2» деген атпен жарық көрген фильмнің әлемдік прокатқа шығуына қарсылық білдірді.
Қазақстан қоғамында көп талқыланған атышулы фильмге байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі түсінік беріп, адресаты жоқ болғандықтан наразылық нотасын жолдаудың мәні жоқ екенін мәлімдеді.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Kazakh TV телеарнасына берген сұхбатында «Бұл – бар болғаны, кино. Көрермен киноға барады, көреді, сонымен бітті» деп пікір білдірді.
Скриншот: stat.gov.kz
Бір кездері Қазақстанда баласына Бен Ладен, Саддам Хусейн, Дағдарыс деп ат берген жағдайлар кездескен. Ал 2006 жылдан бері Қазақстан халқына кеңінен танымал болған «Борат» деген ныспыны қойғандар елімізде болды ма? Осы сұраққа жауап іздеп, Статистика комитетінің іздеу жүйесі арқылы Қазақстанда Борат есімді қанша адам барына назар салдық. Іздеу жүйесі бойынша, елімізде Борат есімді үш адамның (ер) бары белгілі болды. Олардың қашан туғаны, қай облыстың азаматы, ұлты кім екені жайлы толығырақ білу үшін Статистика комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, комитеттегілер бұл сұрақ бойынша ақпарат бере алмайтынын, қажетті ақпаратты тек сайттан қарауға болатынын хабарлады.