Қазақстанда Е-Шаңырақ ақпараттық жүйесі енгізіледі

0
1 169

Жүйе барлық тұрғын үй қатынасына қатысушылардың өзара іс-әрекетінің ашықтығын қамтамасыз етеді.


Қазақстанда Е-Шаңырақ ақпараттық жүйесі енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда Е-Шаңырақ ақпараттық жүйесі енгізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіің мәліметінше, ол барлық тұрғын үй қатынасына қатысушылардың өзара іс-әрекетінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі - Е-Шаңырақ деп аталатын шартты түрдегі атаумен тұрғын үй қоры мен ТКШ-на ақпараттық жүйесін енгізу.

«Бұл жүйенің тұжырымдамалық архитектурасы тұрғындардың, басқарушы компаниялардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, басқару органдарының, жергілікті атқарушы органдардың жеке кабинеттерін біріктіреді. Осылайша, Е-Шаңырақ КҚТҮ (көпқабатты тұрғын үйлер) басқару органдарының ашық қызметін қамтамасыз етеді, тұрғындар шығындар мен кірістер бойынша есептілікті көре алады; электронды дауыс беру арқылы үйді басқару және ұстау бойынша шешім қабылдай алады. Сондай-ақ, үйге қызмет көрсету бойынша электрондық өтініш (шағым, хабарлама және тағы басқа) бере алады және оның орындалуын қадағалай алады. Е-Шаңырақ алаңында пәтер иелері қандай да бір шешім қабылдау кезінде дауыс бере алады, ақша қаражатының түсуі мен жұмсалуы туралы мәліметтер алады, басқару органдарынан уақытылы есеп алады және басқару органының қызметін бағалай алады» делінген хабарламада.

Өз кезегінде бұл жүйе кондоминиум объектісін басқару органдарына тұрғындардың барлық сұрақтарына, шағымдары мен ұсыныстарына уақтылы жауап беруге, тұрғындардың жалпы жиналысын өткізбей электронды дауыс беруді өткізуге, ақша қаражатының түсуі мен жұмсалуы туралы деректерді, сондай-ақ тоқсандық және қорытынды есептерді орналастыруға, тұрғындарды басқару органының жоспарланған, өткізілетін және өткізілген жұмыстары туралы хабардар етуге мүмкіндік береді.

«Өз тарапынан мемлекеттік органдар сондай-ақ Е-Шаңырақ жүйесінде КҚТҮ басқару органының қызметіне бағалау жүргізе алады, ақша түсімдері мен шығыстарына мониторинг жүргізе алады, жоспарланған іс-шаралар, кеңестер, дөңгелек үстелдер, конференциялар туралы басқару органдарына хабарлай алады» деп мәлім етті ИИДМ баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 19 маусымда ТКШ саласын реформалау үшін ҚР ИИДМ әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Заңға енгізілген түзетулер Сенатта қарастырылуда.