Енгізілген өзгеріске сәйкес сырқаттанған сотталушылардың жазасы кейінге шегеріледі.
ERNUR.KZ. Сотталған адамда ауыр сырқат болған жағдайда жазаны өтеу кейінге шегеріледі. Бұл туралы сенат отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп жазды stan.kz.
Сенатта "Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қабылданды. Ішкі істер министрі заңның негізгі нормаларына тоқталды.
“Негізгі нормалар: сотталғандардың құқықтарын кеңейтуге; заңнаманы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына сәйкес келтіруге; тұрмыс саласындағы қылмыстар, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, ерекше цинизммен жасалған кісі өлтіру және бандитизм үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған”, – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар заңға енгізілген өзгеріске сәйкес сырқаттанған сотталушылардың жазасы кейінге шегеріледі.
“Қылмыстық кодекске (75-бап) сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезінде сотталған адамда ауыр сырқат болған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану мүмкіндігін беретін норма енгізіледі. Осылайша, ол азаматтық медициналық мекемелерде жедел ем алуға мүмкіндік алады”, – деді министр.