Қазақстанда эпидемиологиялық маусымда емханалардың жұмысы күшейтілді

0
104

ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі жағдайында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жұмысы күшейтілді.


Қазақстанда эпидемиологиялық маусымда емханалардың жұмысы күшейтілді

ERNUR.KZ. Емханаларда фильтр кабинеттері жұмыс істейді, эпидемияға қарсы режимнің барлық талабы сақталады. Амбулаториялық жағдайда ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастардың шамамен 80%-ы емделіп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, алғашқы буын деңгейінде медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 995 мобильді бригада ұйымдастырылған, олар үйге барып, пациенттерге көмек көрсетеді. Сондай-ақ 1 800 фильтр кабинеті жұмыс істейді, олардың жартысынан көбі жүкті әйелдер мен балаларға арналған. Шұғыл медициналық көмекті 1 600 жедел жәрдем бригадасы көрсетеді.

«Инфекциялық стационарлар мен мамандандырылған ауруханаларда стационарлық көмек көрсету үшін 11 мыңға жуық төсек-орын, оның ішінде 2 мың резервтік төсек-орын орналастырылды. Бүгінгі таңда 8 мыңнан астам пациент ауруханаға жатқызылды, республика бойынша төсек-орын қорының 76%-ы бос емес», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Спикердің айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдарында вирусқа қарсы және қызуды басатын препараттар, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілген. Білім беру мекемелері мен балабақшаларда оқушылар мен қызметкерлердің аурушаңдығы және сабаққа қатысуына күнделікті мониторинг жүргізіледі. ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтау үшін таңертеңгі фильтр ұйымдастырылды, температуралық және дезинфекциялық режимдер сақталады. Орталық және өңірлік деңгейлерде халық арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

«Инфекция қаупін азайту үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтау ұсынылады: адамдар көп жиналатын жерлерге, әсіресе, жабық бөлмелерге баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктер мен дезинфекциялық майлықтарды пайдалану, қолды жиі жуу. Тұмау немесе ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу керек», – деді Тимур Сұлтанғазиев.