Шымкентте қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған кездесу өтті

0
76

«Адал азамат», «Таза Қазақстан» бағадарламалары мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.


Шымкентте қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған кездесу өтті

Шымкентте Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен қалалық этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен Достық үйінде кездесу өтті.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Латипша Асанов, Әбдез Иманқұлов, Әлия Юсупова және қалалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың жетекшілері қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамыту жайын талқылады.

Кездесуде өз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы мен оның қоғам өміріндегі рөліне тоқталып, жаңа Конституцияның маңызы, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар, конституциялық реформалардың негізгі міндеттері және жалпыұлттық құндылықтардың мән-мазмұны жөнінде кеңінен баяндады. «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бағадарламалары мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.
Өз кезегінде қатысушылар этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, жастар бастамаларын қолдау, медиация институтын дамыту, қоғамдық диалогты кеңейту және мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиында этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріліп, мәдени мұраны сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы қызметін одан әрі жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, алдағы жұмыс бағыттары бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Жиын қорытындысында қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту және ортақ бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Бөлісу