Қазақстанда кейбір жабайы жануарларды зообақта ұстауға тыйым салынуы мүмкін

0
852

Бұл нормада дельфинарийлерге ғана қатысты емес, басқа да жабайы жануарларды ұстау бойынша тыйымдар бар.


Қазақстанда кейбір жабайы жануарларды зообақта ұстауға тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда жабайы жануарлардың бірқатарын зообақта ұстауға тыйым салынуы мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына елдегі дельфинарийлерді жабу туралы норма енгізіледі. Қазірдің өзінде бұл норманы заң жобасына кіргіздік. Кейінгі кезде бізге қоғам өкілдерінің де, халықаралық қоғам қайраткерлерінің де дельфинарийлерді жабу мәселесі бойынша жүгінгенін білесіздер. Сол себепті бұл норманы әзірледік. Бұл нормада дельфинарийлерге ғана қатысты емес, басқа да жабайы жануарларды ұстау бойынша тыйымдар бар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ведомство басшысы заң жобасы депутаттардың қарауына қашан берілетінін айтты.

«Заң жобасы әзірленді. Министрлік алаңында Парламент депутаттарымен, қоғам өкілдерімен кездестік. Бұл құжат қоғам тарапынан айтарлықтай кеңінен талқыланды. Заң жобасы Үкіметке енгізілді. Осы орайда тиісті келісуден өткеннен кейін, жақын арада Парламент қарауына түседі», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мағзұм Мырзағалиев дельфинарийлерді жабу туралы Қазақстандағы табиғат қорғаушыларының ұсынысы қарастырылатынын мәлім еткен болатын.

«Бұл, аяқ астынан пайда болған мәселе емес. Сондықтан оның шешілуі үшін белгілі бір уақыт керек. Халықаралық тәжірибелер ескерілуі қажет. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның жобасында дәл осы гуманизм принциптері негіз болады. Министрлік атынан осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, азаматтық ұстанымын танытқан адамдарға алғыс айтамыз», - дейді министр.