Қазақстанда клининг мамандығы колледждерде ашылмақ: Болашақ мамандар қайда оқиды

0
67

Министрліктің хабарлауынша, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2023 жылғы 1 қыркүйекте "Клининг" кәсіптік стандартын бекіткен.


Қазақстанда клининг мамандығы колледждерде ашылмақ: Болашақ мамандар қайда оқиды

фото: Pexels

ERNUR.KZ. Оқу ағарту министрлігі қазақстандық колледждерде мекемелерге клининг істеу мамандығын ашуы мүмкін. Министрлік еңбек нарығынан нақты сұраныс болған жағдайда жаңа мамандықты іске қосу мәселесін қарастыруға дайын, деп жазады stan.kz.

Министрлік бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, шешім қабылдау үшін билік нақты кадр тапшылығын бағалауы керек. Салаға қанша қызметкер қажет, қай өңірлерде сұраныс қалыптасты және жұмыс берушілер түлектерге тұрақты жұмысқа кепілдік бере ала ма. Нарық қажеттілігін талдаумен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бизнеспен бірлесіп айналысады.

Салалық ведомство жаңа пәнді ашу бастамасы бизнестің өзінен шығуы керек екенін атап өтті. Егер компаниялар негізделген ұсыныстар берсе, Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламаларын әзірлеуге кіріседі.

Клининг саласында қандай мамандықтар бар?

Министрліктің хабарлауынша, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2023 жылғы 1 қыркүйекте "Клининг" кәсіптік стандартын бекіткен. Онда сала мамандарының міндеттері мен кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптар айқындалған.

Аталған стандартта қарастырылған "техник-механик" біліктілігін колледжде "Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану" мамандығы бойынша білім алу арқылы меңгеруге болады.

Айта кету керек, бұл үшін нормативтік база дайындалды. 2023 жылдан бастап Қазақстанда үй-жайларды күту саласындағы қызметкерлердің білімі мен дағдыларына қойылатын талаптарды нақты реттейтін "Клининг" кәсіби стандарты ресми түрде жұмыс істейді. Бұл ретте кәсіби тазалау жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін кадрларды қазірдің өзінде қолданыстағы техникалық мамандықтар шеңберінде дайындауға болады.

Бұл мамандықты ашу туралы идея қайдан келді?

30 қыркүйек күні Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Нұрайнаш Камалова Еңбек министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрліктеріне сауал жолдап, Қазақстандағы клининг саласындағы жұмыспен қамтуды заңдастыруға қатысты мәселені көтерген болатын.

Депутат Нұрайнаш Камалованың сөзінше, Қазақстанда клининг саласында 1,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда елде еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және басқа да тазалық қызметкерлерінің нақты есебін жүргізіп, олардың еңбек жағдайы мен жалақы деңгейін бағалайтын тетік жоқ.

Депутаттың айтуынша, бұл мамандықтар қоғамда көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Ал ресми табыстың аздығы кейбір қызметкерлердің бейресми жұмыс істеуіне әкеліп, олардың әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктерінен айырылу қаупін арттырады.

Осыған байланысты Нұрайнаш Камалова клининг мамандықтарын тиісті біліктілік талаптары мен кәсіптік оқыту мүмкіндіктері бар жұмысшы мамандықтары ретінде тануды ұсынды. Сондай-ақ сала қызметкерлерінің қаржылық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамдағы мәртебесін көтеру қажеттігін атап өтті.

Мамандықты қай колледждер оқытады?

Оқу-ағарту министрлігі айтқан “Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану” мамандығы қай қалаларда және қай колледжде оқытатынын тілшіміз зерттеп көрді. Қазақстанда бұл мамандық бірнеше колледжде оқытылады. Заң күшіне енген жағдайда клининг мамандығын оқытуы мүмкін деген колледждер таптық. Олар:

  • Алматы электромеханикалық колледжі – Алматы қаласы;
  • Полтехникалық колледж – Шымкент қаласы;
  • Қазақмыс корпорациясының технологиялық колледжі – Ұлытау облысы;
  • Талғар агробизнес және менеджмент колледжі – Алматы облысы;
  • Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – Жетісу облысы;
  • Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі – Ақтөбе облысы;
  • Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі – Атырау облысы;
  • Теміртау жоғары политехникалық колледжі – Қарағанды облысы;
  • Павлодар машина жасау колледжі – Павлодар облысы;
  • Инженерлік-техникалық колледж – Жамбыл облысы;

Клининг қандай мамандық?

Клининг мамандығы — ғимараттар мен түрлі нысандардың тазалығын кәсіби деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған сала. Бұл кәсіп тек еден жуып, бөлме жинаумен шектелмейді. Клининг саласында арнайы жабдықтармен жұмыс істейтін, тазалау процесін ұйымдастыратын, қолданылатын химиялық құралдардың қауіпсіздігін қадағалайтын және орындалған жұмыстың сапасын тексеретін мамандар да бар. Қазақстанда "Клининг" кәсіби стандарты 2023 жылғы 1 қыркүйекте бекітілген. Онда клининг қызметтерінің технологы және техник-механик сияқты кәсіптер қарастырылған.

Клининг қызметтерінің технологы – ғимараттарды кәсіби тазалау жұмыстарын ұйымдастыратын маман. Ол тазалау әдістерін анықтап, қызметкерлердің жұмысын үйлестіреді, қолданылатын құралдардың қауіпсіздігі мен тазалық сапасын бақылайды.

Техник-механик – клининг кезінде қолданылатын арнайы тазалау жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне жауап беретін маман. Ол құрылғыларды тексеріп, ақауларын анықтайды және жөндеумен айналысады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда білікті кадрлардың жетіспеуіне байланысты Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов "үш жылдық бакалавр" жүйесін жиі қолдануды ұсынып, елге тезірек қажет мамандықтардың тізімін атады.