Қазақстанда медициналық бетперде тағу талабы қашан күшін жояды – Есмағамбетова жауап берді

0
785

Қазақстанда медициналық бетпердені міндетті түрде тағу туралы талапты қашан алып тастайды деген сұраққа жауап берді.


Қазақстанда медициналық бетперде тағу талабы қашан күшін жояды – Есмағамбетова жауап берді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова медициналық масканы шешу талабы қашан алынатынын айтты, деп жазады Stan.kz.

Есмағамбетовға Ashyq жүйесінде "жасыл" мәртебесі бар қазақстандықтарға сауда орталықтарына медициналық бетпердесіз бара ала ма деген сұрақ қойылды.

"Жоқ, міндетті түрде бетперде тағулары қажет. Бұған дейін де вакцина салдырғандардың ауырып қалуы мүмкін екені айтылды. Сондықтан бетпердесіз бару қауіпті болуы мүмкін. Алайда вакцина салдырған азаматтарда ауру жеңіл түрде өтеді. Инфекция жұқтыру қаупі де төмен болады, алайда мүлде жұқпайды деуге келмейді", - деді Есмағамбетова Үкімет отырысынан кейін.

Ол сондай-ақ Қазақстанда медициналық бетпердені міндетті түрде тағу туралы талапты қашан алып тастайды деген сұраққа жауап берді.

"Дәл қазір нақты күнін ешкім айта алмайды, бұл – көп факторлы әрекеттен кейін қабылданатын шешім. Вирус әрі қарай мутацияланып жатыр. Біз вакцина алуды ұзаққа созып жіберсек, вирус та көбейіп, мутацияға ұшырайды. Ал мутациялану процесін қазір болжау мүмкін емес", - деді комитет басшысы.

2021 жылдың сәуірінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қазақстандықтардың 60%-і коронавирусқа қарсы вакцина салдыру қажет екенін айтқан еді. Сонда ғана бетперде тағу мәселесі қаралатынын жеткізген.