Қазақстанда мыңнан астам бала өте сирек кездесетін сырқат түрлеріне шалдыққан

0
1 119

Соңғы 20 жылда Павлодар облысында "муковисцидоз" диагнозы 13 науқасқа қойылған.


Қазақстанда мыңнан астам бала өте сирек кездесетін сырқат түрлеріне шалдыққан

ERNUR.KZ. 2011 жылы еліміз бойынша мукополисахаридоз дертімен 6 сәби ауырса, бүгінгі күні олардың саны 39-ға жетіпті. Сол сияқты генетикалық ауру саналатын муковисцидоз сырқатымен 106 адам ауырады екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсеткіштің артуына заманауи диагностикалық тәсілдердің енгізілуі де себеп болған.
Дәрігерлердің айтуынша осыдан он жыл бұрын ауру асқынған кезде барып білінетін. Ал қазір отандық медицинада ерте бастан анықтауға мүмкіндік туып отыр.
Соңғы 20 жылда Павлодар облысында "муковисцидоз" диагнозы 13 науқасқа қойылған. Оның үшеуі ауруы асқынып көз жұмған. Қазір аймақта осындай ауыр дертке шалдыққан бес бала өмір сүріп жатыр. Олар үнемі дәрігерлердің бақылауында. Бәріне бірдей потогенетикалық ем-дом жасалады. Қадыржанның жасы 13-те. Муковисцидоз сырқатына шалдыққан бала қатарластарынан қалған емес. Мектепке барады, бес жасынан бастап спорттық гимнастикамен айналысқан. Алайда жарақат алып, жаттығуды тоқтатуға тура келіпті. Жұқпалы аурулардан сақтану үшін күн сайын дәрі ішуге тура келеді.
– Иммунитеті әлсіз болған соң ауру жұқтырып аламын деп қорқып жүреді. Суық тигенде ауру өршіп, бактериялардың дамуына орта қалыптасады. Бізге мемлекеттен аса қымбат тұрмайтын антибиотиктер бөлінеді. Ал оңалту кезінде құны 40 -50, кейде 150 мың теңге тұратын дәрі-дәрмектер қажет болады. Әзірге оларды өз қаражатымызға сатып алып отырмыз, - дейді Ринат Марданов.
Қазақстанда муковисцидозбен ауырытан балаларды сауықтыратын арнайы орталықтар жоқ. Балалар кәдімгі ауруханаларда емделеді.
Төрт жасар Ясминге де муковисцидоз диагнозы қойылған. Сәби дүниеге келген күннен өкпесі мен тыныс жолдары қабынған. Содан бері ол дәрігерлердің бақылауында. Жылына екі мәрте ауруханаға жатып ем алады. Отандық медицина бүгінгі таңда сырқаттың сирек кездесетін түрін жаңа туған нәрестелердің бойынан анықтауға қабілетті. Облыстық балалар ауруханасында "Нанодак" атты жаңа құрылғы пайда болды. Диагностикалық аппарат алынған сынамадан айналасы 2,5 минуттың ішінде аурудың бар-жоғын көрсетеді. Бұрын муковисцидозды анықтау мүмкін болмайтын.
– Бұл қондырғының ерекшелігі көп. Ол ауруды қас-қағым сәтте анықтайды. Әсіресе жас нәрестелер үшін қолайлы. Өйткені барлық үрдістер жеңілдетілген. Бұрын зерттеу жұмыстарына көп дайындық кететін. Жылу процедуралары жасалатын. Парафинді қыздыру балаларға қиындық тудыратын, - дейді педиатр-дәрігер Дарина Түсіпбекова.
"Нанодак" аппараты сирек кездесетін ауруларды ғана емес соңғы кезде көп таралған тітіркену мен кеуде демікпесін табады. Аллергологтар бұл аурулардың жылдан жылға көбейіп бара жатқанын жоққа шығармайды. Ауру жаңа туған нәрестелер арасында жиі кездеседі. Бастапқыда баланың терісінде жаралар пайда болады. Мамандар оның алдын алудың ең тиімді тәсілін ұсынады. Ол дұрыс тамақтануға, қоршаған ортаның тазалығына баса мән беру. Ең бастысы, анасы баласын емізуден бас тартпауы керек.
– Үштен алты жасқа дейінгі балаларда тыныс демікпесі, тыныс жолдарының тітіркенуі мен қабынуы көп кездеседі. Ол ентігу және тұншығу сипатында белгі береді. Жас балаларға нақты диагноз қою оңай емес. Әсіресе тыныс демікпесін табуда қиындықтар туындайды, - дейді балалар аллергологы Рауза Жекесова.
Туа біткен өкпе аурулары, жүрек пен иммун тапшылығы және муковисцидоз белгілері тыныс демікпесімен ұқсас келеді. Сондықтан да ауруды ерте бастан анықтаудың нәтижесі зор. Оның үстіне бұл аурулар жылдан жылға жасарып барады.
– Балалардың сырқатқа ерте бастан шалдығу көрсеткіші артып отыр. Мәселен, біз бұрын 5-6 жастағы бүлдіршіндерден ауру белгілерін тапсақ, қазір 3 жасқа дейінгі балалар арасында тыныс демікпесі диагнозы қойылған сәбилер өте көп кездеседі, - дейді балалар аллергологы Рауза Жекесова.
2018 жылы Павлодар облысында тыныс демікпесімен 1830 бала ауырған. Биылғы жылы олардың саны 250 жеткіншекпен толықты. Жиырма бала мүгедектікке өткен.