Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерді қолдануға толығымен тыйым салу ұсынылды

0
111

2025 жылы жол-көлік оқиғаларының 27%-ға өсуі қауіпті жағдай туғызып отыр.


Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерді қолдануға толығымен тыйым салу ұсынылды

Фото: polisia.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда оң жақ рөлді көліктерге қатысты тағы мәселе көтерілді. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев барлық “оң жақ рөлді” көліктерді пайдалануға толығымен тыйым салуды ұсынды, деп жазады stan.kz.

2025 жылы жол-көлік оқиғаларының 27%-ға өсуі қауіпті жағдай туғызып отыр. Депутаттың мәлімдеуінше, таксиде оң жақ рөлді көлік қолдануға тыйым болғанына қарамастан, заңсыз тасымалдаушылар жұмысты жалғастырып келеді.

“Toyota Alphard пен Estima көліктері бірнеше ірі апаттарға себеп болды. Шілде айында екі күнде Жамбыл және Алматы облыстарында болған жол апаттарында он адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды. Сондықтан мұндай көліктерді жолаушылар тасымалының барлық түріне мүлде пайдалануға тыйым салу қажет”, – деді депутат.

Алайда кейбір сарапшылар мәселе рөлдің орналасуында емес, жол ережелерін бұзу, инфрақұрылымның ескіруімен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен бұл мәселеге қатысты әлі нақты шешім шығарылмаған.

Қазіргі таңда елімізде Toyota Alphard пен Estima көліктері қалааралық қатынас үшін өте көп қолданылады. Жолаушылар бұл көліктерді жайлылығы үшін жиі таңдайтын көрінеді. Алайда соңғы уақыттары бұл көлік түрлерімен болатын жол апаты оқиғалары көбейген.

Егер депутат ұсынғандай оң жақ рөлді көліктерге қатаң тыйым енгізілсе, қалааралық тасымал нарығы күрделі қайта қараудан өтеді. Рөлі сол жақ рөлді минивэндерге көшу уақыт алады және тарифтерге әсер етуі мүмкін.

Шілде айында Жамбыл және Алматы облыстарында Toyota Alphard қатысқан екі резонансты жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды. Тамызда дәл осы көлікке мінген үш жолаушы Қарағанды облысындағы трассада қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін оң рөлді көліктер қолданылуы тақырыбы көтеріле бастаған.