Ревакцинациялау да екі кезең бойынша жүзеге асады.
ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты ревакцинациялау 22 қарашада басталатынын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, ревакцинациялау екі кезең бойынша жүзеге асады.
«Бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдардың вакцинацияланғаны ескеріледі. Тиісінше алғашқы вакцинациялау мерзімдерін ескере отырып, осы жылдың соңына дейін халықтың осал топтары (медицина қызметкерлері, педагогтар, МӘМ, жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері) ревакцинация алады. 60 жастан асқан адамдар, сондай-ақ өз бетінше зерттеуден өткен және КВИ-ге қарсы антиденелерге тесттің теріс нәтижесі бар адамдар белгіленген мерзімдерді есепке алмай ревакцинациялауға жіберіледі», − дейді министр.
Оның айтуынша, сәуір айында жаппай алғашқы вакцинациядан өткен болса, алғашқы вакцинацияны аяқтаған республиканың барлық азаматы (вакцинацияның толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан кейін) 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцинацияланады. Осыған байланысты екінші кезеңде алғашқы вакцинацияны аяқтаған және ревакцинация уақыты тақап қалған азаматтар өтеді.