Қазақстанда сақтандырудың барлық міндетті санаты бойынша төлемдер автоматтандырылған

0
114

Цифрландыру клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға, жеделдікті арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін сақтандыру саласын дамытудағы негізгі трендтердің бірі.


Қазақстанда сақтандырудың барлық міндетті санаты бойынша төлемдер автоматтандырылған

ERNUR.KZ. 2024 жылдан бастап Қазақстанда сақтандырудың барлық міндетті санаты бойынша сақтандыру төлемдері автоматтандырылды. Енді онлайн режимде сақтандыру шартын жасасып қана қоймай, сақтандыру ұйымының сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы сақтандыру төлемін алуға өтініш пен құжаттар пакетін жіберіп, төлемді тікелей банктік шотқа алуға болады. Бұл жағдайда сақтандыру ұйымының кеңсесіне баруға және қағаз құжаттарды жинауға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Сақтандыру саласындағы цифрландыруды дамыту және сақтандыру омбудсменіне жүгіну рәсімдері туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді.

Былтыр алғашқы цифрлық сақтандыру өнімі – Еуропалық хаттама іске қосылды. Шағын ЖКО кезінде автокөлік иелері сақтандыру төлемін жеңілдетілген тәртіппен жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ алуға құқылы.

«Еуропалық хаттаманың арқасында міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдері айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда жеңілдетілген рәсім арқылы 15,2 мың оқиға бойынша 2,8 млрд теңге төленді. Төлемдердің орташа мерзімі 15 күнтізбелік күнге дейін қысқарды, бұған дейін бұл рәсім апат болған сәттен бастап орта есеппен 2-3 айға созылды. Жеңілдетілген төлемді Еуропалық хаттама және DTP.kz мобильді қосымшалары немесе тікелей сақтандыру ұйымының сайты арқылы арқылы рәсімдеуге болады», – деді спикер.

Тұтынушылар үшін сақтандырудың оңтайлы нұсқаларын таңдау процесін жеңілдету үшін «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ сайтында тестілік сервис іске қосылды. Бұл түрлі сақтандыру ұйымдары ұсынатын сақтандыру өнімдерінің шарттарын салыстыруға және олардың құнын есептеуге мүмкіндік береді. Сервис сақтандырушылардың сайттарына кіріп, сақтандыру ережелерімен танысып, қандай сақтандыру бағдарламалары бар екенін түсініп, қолайлы шарттарды таңдауға мүмкіндік береді.

«Процестерді автоматтандыру, Еуропалық хаттама сияқты цифрлық өнімдерді іске қосу және келісімшарттар жасап, төлемдер алу үшін онлайн қызметтерді енгізу клиенттердің сақтандыру ұйымдарымен өзара әрекеттесуін едәуір жеңілдетті және сақтандырудың ашықтығын арттырды», – деп қосты Мария Хаджиева.

Сондай-ақ Агенттік төрағасы орынбасарының ақпараты бойынша, 2024 жылдан бастап сақтандыру нарығында сақтандыру омбудсменінің дауларды сотқа дейінгі міндетті реттеу рәсімі енгізілді.

«Сақтандыру омбудсменіне жүгіну сақтандыру ұйымдарының клиенттері үшін шағымды сотқа жібермес бұрын міндетті болды. Жеке тұлғалар үшін омбудсменге жүгіну тегін, бағалаушыларды немесе заңгерлерді тартуды талап етпейді. 2024 жылы сақтандыру омбудсмені 8 875 істі қарады, оның ішінде 18 шешімге сотта шағымданды, 2 шешімнің күші жойылды», – деді ол.

Лицензиядан айырылған сақтандыру ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауды Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қамтамасыз етеді. Оның кепілдіктері сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды санаттарын қамтиды. Сақтандыру ұйымы лицензиясынан айырылса да, клиент Қордың кепілдік резервтері есебінен сақтандыру төлемдерін толық көлемде алуды жалғастырады. Сондай-ақ Қор кінәлі адам апат орнынан қашып кеткен ЖКО кезінде зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады. Мұндай төлемдерді Еуропалық хаттама қосымшасы арқылы жеңілдетілген тәртіппен алуға болады.