Қазақстанда шенеуніктерге салынатын айыппұл көлемі артуы мүмкін

0
635

2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бойынша 33 ұсыным берілді.


Қазақстанда шенеуніктерге салынатын айыппұл көлемі артуы мүмкін

ERNUR.KZ. Мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшері артуы мүмкін. Парламенттің бірлескен отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы осындай ұсыныс айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

«2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бойынша 33 ұсыным берілді. Үкімет бюджет тәуекелдерін айқындап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз», - деді Наталья Годунова.

Сондай-ақ, ол салық түсімдерінің болжау тәсілдері өзгергенін атап өтті.

«Ол тәсілдер 2024-2026 жылғы бюджет кезеңінде қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Осы кезге дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы пайдаланылмайтын қаражат мәселесі шешілген жоқ. Мемлекеттік мекемелер эскроу-шоттарды жұмыстарды нақты орындамастан пайдалануын қоймай келеді. Мемлекет-жеке меншік әріптестігі саласында ашықтық жоқ. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сәйкесінше инвесторларды тартудағы қиындықтарды туындатады. Ал Мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясындағы конкурстық рәсімдердің веб-порталын пилоттық режимде іске қосу енді ғана жоспарға еніп отыр», - деді палата төрағасы.

Айта кетейік, бұдан бұрын Годунова жауапкершілікті өңір әкімдеріне ысыра салатын министрлерге шүйліккен.