Қазақстанда сотталғандарға смартфон пайдалануға рұқсат берілмек

0
92

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандардың тәртібі арнайы бағалау жүйесі арқылы анықталады.


Қазақстанда сотталғандарға смартфон пайдалануға рұқсат берілмек

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі Қазақстанда сотталғандарды колонияларда ұстау шарттарын өзгерту туралы бұйрық жобасын жариялады, деп жазады stan.kz.

Құжат қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларына түзетулер енгізуді көздейді. Өзгерістер, сотталғандардың мінез-құлқын бағалау жүйесіне қатысты.

Ұсынылып отырған өзгерістердің қатарында:

- үшінші оң мінез-құлық дәрежесі бар сотталғандарға "тынығу сағатын" енгізу;

- ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру;

- ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі сотталғандарға кездесуге және қалаға шығуға өтінімдерді өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы беру мүмкіндігін жасау.

Жобаға сәйкес, терминалдарды пайдалану персоналмен тікелей байланысты азайтудың бір тәсілі ретінде қарастырылады. Әзірлеушілердің айтуынша, аталған жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық жағымсыз салдарға алып келмейді.

Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандардың тәртібі арнайы бағалау жүйесі арқылы анықталады. Яғни олардың мінез-құлқы теріс деңгейден бастап, оң деңгейге дейінгі бірнеше дәрежеге бөлінеді. Әр дәрежеге қарай сотталғандарға әртүрлі ұстау жағдайлары мен жеңілдіктер қарастырылады. Ал "үшінші оң мінез-құлық дәрежесі" режим талаптарын ұзақ уақыт бойы бұзбай, өзін тәртіпті әрі жауапты ұстаған сотталғандарға беріледі.