Қазақстанда ҰБТ тапсырған түлектер арасында грант енді басқаша бөлінеді

0
561

Шекті балдар да қайта қаралады.


Қазақстанда ҰБТ тапсырған түлектер арасында грант енді басқаша бөлінеді

ERNUR.KZ. Қазақстанда жоғары оқу орындарын білім сапасына қарай лигаларға бөліп, білім гранттарын бөлу әдісін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Президент жолдауын іске асыру аясында отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі күшейтіледі.

«Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлері ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделеді. Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктеледі», - деді Дүйсенова үкімет отырысында.

Бұған қоса білім гранттарына да қатысты өзгерістер болады. Дүйсенованың айтуынша, алдағы жылдары гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады.

Сонымен қатар, осы өзгерістер аясында университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар да қайта қарастырылады.

Бұдан бөлек Қазақстанда өз филиалын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысы біріздендіріледі. Қазан айының соңына дейін министрлік Бірыңғай талаптар қабылдайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайтынын ескерткен еді.