Қазақстанда вейптерге тыйым салынуы мүмкін

0
624

Мәжілісмендер жасөспірімдер арасында бір реттік вейп «эпидемиясы» белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын.


Қазақстанда вейптерге тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қаржы министрліігі талапқа сай келмейтін вейптерді елге кіргізуге тыйым салмақ. Ал Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің Қазақстандағы айналымына тыйым салу нормаларын «Халық денсаулығы туралы» кодекске енгізгелі жатыр, деп жазады Ulysmedia.

Айта кетсек бұған дейін мәжілісмендер жасөспірімдер арасында бір реттік вейп «эпидемиясы» белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын. Олардың айтуынша, кез келген дүкен сөресінде толып тұрған түрлі-түсті мұқабалы, сан түрлі дәмі бар бір реттік вейптен көз сүрінеді. Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан «у» кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсап тұр.

ТЫЙЫМ КОДЕКСКЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

Бұл сұраққа жауап берген үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ЕАЭО шеңберінде құрамында никотин бар өнім Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілген. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде құрамында никотин бар өнімді тиімді реттеу мақсатында құрамында никотин бар өнімге қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін «Құрамында никотин бар өнімге қойылатын талаптар» ұлттық техникалық регламентінің жобасын әзірлеген. Жоба қоғамдық талқылаудан өткеннен кейін мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданбақ.

«Құрамында никотин бар өнімге арналған техникалық регламентті қабылданғаннан кейін Қаржы министрлігі талаптарға сәйкес келмейтін бір реттік электрондық сигареттерді әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Жасөспірімдер мен жастар арасында вейптерді тұтынудың таралуы мәселесі «Nur-Otan» партиясының алаңында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше рет талқыланды. Қазіргі таңда министрлік вейптердің Қазақстандағы айналымына тыйым салу бойынша нормаларды «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізу жұмыстарын жүргізуде», - дейді Ералы Тоғжанов.

ВЕЙПТЕР ЗЕРТТЕЛІП ЖАТЫР

Денсаулық сақтау министрлігіің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өнімнің қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде электронды сигареттерге, оның ішінде никотин мен құрамдас компоненттердің сандық құрамын айқындау бойынша бір реттік вейптерге зерттеулер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 166 «Жастар денсаулық орталығы» және 1 «Жастар ресурстық орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталықтардың басты қызметтері жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстануға, оның ішінде темекі шегудің профилактикасына бағытталған.

«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты негізде мониторинг жүргізілуде. Мониторингпен республикалық және өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстар қамтылған. Бұзушылықтар анықталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары меншік иелеріне оларды жою туралы ұсыным жолдайды. Осы жылдың басынан бастап уәкілетті органның ұсынымдары бойынша 200 мыңнан аса құқыққа қарсы, оның ішінде мыңнан аса есірткі құралдарын насихаттауға және таратуға қатысты материалдарды жою шаралары қабылданды», - дейді Ералы Тоғжанов.