Қазақстанда ЖИ-терапевт пен фельдшерді қорғайтын видеожетон жасалды

0
101

Астанада үшінші күн қатарынан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр.


Қазақстанда ЖИ-терапевт пен фельдшерді қорғайтын видеожетон жасалды

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

ERNUR.KZ. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Digital Bridge форумында Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жасаған жаңа стартаптары туралы айтып берді, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, былтыр Activation HUB ашылған сәттен бері 200-ден астам өтінім келіп түскен. Ал «Қазақтелеком» стартаптарды салалық мәселелер бойынша құрылымдауды бастаған.

— Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі. Біз ауылдық округтерде оптика орнатып, фельдшерлік-акушерлік пункттерге интернет тартып жатырмыз, бірақ соңында «ол жерге интернетті не үшін тартып жатырмыз?» деген сұрақ қоямыз. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық стартаптар өткізушісіне айналдық. Мысалы, «Аскл» деген жоба бар, бұл ЖИ-терапевт. Біз оны қазір 30 мемлекеттік емханаға пилоттық режимде орнаттық және мүмкіндігінше барлық медициналық ұйымға орнатқымыз келеді, — деді Бағдат Мусин.
Тағы бір қызықты стартап — фельдшерлерге арналған видеожетондар. Бұл медицина мамандарын дөрекі науқастардан қорғайды.
— Бұл видеожетонды өзіміз жасамадық. Біз дайын құрылғыны сатып алдық және видеоталдау қызметін басқа бір компаниядан алдық. Осылайша бірлесіп, фельдшерлерге пайда әкелетін өнім жасадық. Жедел жәрдем келгенде оларға дөрекілік көрсететін, ұрысатын немесе одан да сорақы қол жұмсауға тырысатын жағдайларды көріп отырмыз. Біз бұл мәселені дәл осы стартаптармен серіктестікте шешеміз, — деді «Қазақтелеком» басшысы.
Айта кетейік, Астанада үшінші күн қатарынан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр.
ЭКСПО көрмесіне салынған «Нұр әлем» павильонының орнында ALEM.AI алғашқы ЖИ орталығы ашылды. Онда Telegram, Presight, Яндекс компанияларының ЖИ бойынша зертханалары мен өкілдіктері ашылмақ.