Қазақстанда жүкті әйелдерге вакцина салдыруға рұқсат беріле ме?

0
593

Ресейде жүкті екенін білмей қалып вакцина алған келіншектер де болыпты. Олардан екпенің жағымсыз әсері байқалмаған.


Қазақстанда жүкті әйелдерге вакцина салдыруға рұқсат беріле ме?

иллюстрациялық фото

Ресейде «Спутник V» вакцинасын жүкті әйелдерге салуға рұқсат берілді. Солтүстіктегі көрші қант диабеті бар, семіздікке шалдыққан және жүктілік кезінде артық салмақ қосып алған келіншектерге басымдық береді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Созылмалы аурулары бар келіншектердің коронавирусқа шалдығу ықтималдылығы жоғары екен. Егер вакцинаны өндірушілерден хат келіп түссе, бізде де аяғы ауыр әйелдерге екпе салу мәселесі қаралуы мүмкін. Алайда алдымен арнайы комиссия құрылып зерттеу жүргізеді. Ал әзірге елімізде жүкті келіншектердің індетке қарсы екпе алуына рұқсат жоқ.

«Спутник V» вакцинасының жаңартылған нұсқаулығында жүктілік кезінде вакцинаны қолдануға қатысты ақпарат пайда болған. Онда екпенің жануарларға репродуктивті кезеңдегі әсерін зерттеуде жүктілікке теріс әсері анықталмағаны жазылыпты. Сондықтан Ресей аяғы ауыр әйелдердің індеттен екпе арқылы қорғануына рұқсат беріп отыр. Әсіресе қант диабеті мен семіздікке шалдыққан және жүктілік кезінде артық салмақ қосқан науқастарға басымдық беріледі. Біздің ғалымдар да ресейлік әріптестерінің бұл шешімін қолдап отыр.

"Вакцина репродуктивті жүйеге еш әсер етпейді. Екпе бедеулікке әкеледі деген қаңқу сөздерге сенудің қажеті жоқ. Қазір коронавирустан, әсіресе, «дельта» штамынан төніп тұрған қауіп өте жоғары. Індет жүкті әйелдерде ауыр өтеді. Оның үстіне бізде былтырдан бері ана өлімі көбейіп отыр. Сондықтан бала күтіп жүрген әйелдердің екпе салдырғаны дұрыс", - дейді ҚР ҰҒА академигі, Вячеслав Локшин.

Ресейде жүкті екенін білмей қалып вакцина алған келіншектер де болыпты. Олардан екпенің жағымсыз әсері байқалмаған.

Ал біздің елдегі аяғы ауыр әйелдер мұндай рұқсат берілген күннің өзінде вакцинация пунктіне баруға аса құлықсыз. Мәселен, Айнара Назаровада екпе іштегі балаға кері әсер ете ме деген қорқынышы басым.

"Әзірге мен өзім үшін, болашақ сәбиім үшін қорқамын. Салдыртуға әзірше қарсымын. Егер де аман-есен босансам, баламды дүниеге алып келгеннен кейін салдыруым мүмкін", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Айнара Назарова.

Әзірге «Спутник V» мен өзге де вакциналар біздегі жүкті әйелдерге салынбайды. Дегенмен екпені өндіруші компаниялардан оның жүктілікке еш зияны жоғы туралы ресми хат келсе, мәселе қаралуы мүмкін.

"Вакцина шығарушы мекемелердің қорытынды хаттарын алмайынша, бізде бұл мәселе әлі көтерілген жоқ. Ол хат келген уақытта, барлық қорытынды оң нәтижемен келіп, ұсыныс түссе, бізде министрлік тарапынан комиссия құрылады. Дәрігерлер бар. Сол дәрігерлер клиникалық тексерудің нәтижесін зерттеп, тексеріп, барлық құжатты тексеріп, бір шешімге келген жағдайда рұқсат беріледі, шешімге келмеген жағдайда біз бұл мәселені көтермейміз", - дейді санитария-эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Негізі мамандар вакцинаны жүктілікке дейін салдыртуға кеңес береді. Жаңа нұсқаулықта «Спутник V» вакцинасының емізулі балаға жағымсыз әсері болуы мүмкін екені жазылған. Сондықтан препаратты емізу кезеңінде қолдануға болмайды.