Қырғызстандықтар Қытайға пойызбен бара алады

0
99

Теміржолды пайдалануға беру 2031 жылға жоспарланған.


Қырғызстандықтар Қытайға пойызбен бара алады

ERNUR.KZ. Қырғызстан азаматтары Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысы аяқталғаннан кейін Қытай Халық Республикасына жолаушылар пойызымен тікелей сапарлай алады. Бұл туралы "Биринчи радио" эфирінде "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол компаниясы" компаниясы бас директорының орынбасары Ұлан Құлов айтты, деп жазады inbusiness.kz.


"Әрине, жолаушылар тасымалы да көзделген. Бұл – жүк және жолаушылар тасымалына арналған теміржол. Ол пайдалануға берілгеннен кейін Қырғызстаннан Қытайға пойызбен тікелей қатынауға болады", – деді Ұлан Құлов.

Компания жолаушыларға арнап заманауи әрі жайлы вагондар сатып алуды көздеп отыр. Қазір жолаушылар пойыздарының ықтимал бағыттары пысықталып жатқаны белгілі болды.

"Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржолындағы пойыздардың жобалық жылдамдығы сағатына 140 шақырымға дейін жетеді. Магистральдың Қырғызстандағы учаскесінің ұзындығы – 304 шақырым. Осы аралықта 29 тоннель мен 50 көпір салынады.

Бекітілген кесте бойынша теміржол 2031 жылы іске қосылуы тиіс. Дегенмен, құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2030 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.