Қызметкерлер теориялық білімін практикада қолдана алатынын дәлелдеп, жұмыс берушіден сертификат алуға тиіс.
ERNUR.KZ. Яғни бір ғана диплом қызметке тұру үшін жеткіліксіз. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Министр Әлеуметтік кодекске жұмыс күшінің дағдыларын арттыруға қатысты өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
"Бүгінгі таңда диплом жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі емес екенін мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибенің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын "Кәсіптік біліктілік туралы" заң әзірленді", - деді Дүйсенова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Айтуынша, білім бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленеді.
"Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Мұнда азаматтардың білімін практикада қолдана алу мүмкіндігі, белгіленген жұмысты алып кете алатындай еңбек дағдысы және біліктілігі бағаланып барып, сертификат беріледі. Сертификат тек формалды ғана емес, сонымен қатар формалды емес және информалды білімі бар адамдарға да беріледі", - деді еңбек министр.
Дүйсенова Кәсіптік біліктілік туралы заң қабылданған соң, қызметкердің нақты дағдысы мен құзыретін растайтын сертификат жұмысқа тұруда артықшылыққа айналатынын атап өтті.