Қазақстанда журналистер мәртебесін көтеру ұсынылды

0
553

Депутаттың айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде көрсетілмеген.


Қазақстанда журналистер мәртебесін көтеру ұсынылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда журналистердің мәртебесін заң жүзінде көтеру ұсынылды. Сенатор Нұртөре Жүсіп осындай ұсыныс жасады, - деп жазады Tengrinews.kz.


Депутаттың айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде көрсетілмеген. "БАҚ туралы" заңда және Еңбек кодексінде журналистердің міндеті мен құқықтары қарастырылғанымен, мәртебесі мен кепілдігі туралы мәселе қозғалмаған. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, журналистер өте жауапты әрі қауіпті жұмыс атқарады.

Сенатор отандық журналистика дамуы үшін журналистердің мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жасап, қорғау маңызды саналатынын айтты. Оның айтуынша, пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен және құтқарушылармен тең дәрежеде еңбек етті, бірақ бұл үшін қосымша төлемдер мен әлеуметтік көмек алмады. Сондай-ақ, журналистер тұрғын үй алуға өтініш бере алмайды, себебі олар не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші емес.

"Журналистерге сот, прокуратура, Ішкі істер министрліктері, адвокаттар немесе нотариустар сияқты нақты мәртебе беретін уақыт келді. Қоғам демократиясы журналистердің қатысынсыз, ақпаратсыз мүмкін емес. Сондықтан ақпарат өкілдерін қолдап, әлеуметтік көмек беруіміз керек. Ол үшін "Журналистер мәртебесі туралы" заң қабылдау қажет", - деді депутат премьер-министрге жолдаған сауалында.