Министр білім ордаларындағы психологиялық қызметтердің жұмысына баса назар аудару қажет екенін екенін ескертті.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Татарстан астанасында болған қайғылы жағдайдан кейін елдегі білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтілітенін жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Министр Қазан қаласында мектепте болған террорлық акт кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, сол жағдайдан сабақ алу керек екенін айтты.
"Кеше осы мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Осы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейдегі қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым. Бұл тек бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайдағы қызметкерлер мен оқушылардың мінез-құлқы мәселерін қамтиды. Көп нәрсе нақты және келісілген әрекеттерге байланысты болады", – деп жазды Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр психологиялық қызметтердің жұмысына баса назар аудару қажет екенін екенін ескертті.