Қазақстанда өндірілген табиғи газ көлемі 59 миллиард текше метрден асқан.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ел халқын газбен қамтамасыз ету деңгейін алпыс пайызға жеткізу көзделгенін мәлім етіп еді. Ол жоспар бүгінгі таңға дейін орындалып, он екі миллионнан аса қазақстандық табиғи газдың игілігін көріп жатыр. Бұл мақсатқа жету үшін тоқсанға тарта добаға ел қазынасынан 81,4 миллиард теңге бөлінген. Оның жиырмадан астамы аяқталып, отыздан аса елді мекенге табиғи газ берілген болатын. Ал, биылғы жыл аяқталғанша еліміздегі газбен қамтамасыз ету көрсеткіші тағы бірнеше пайызға артпақ. Аталған бағыттағы жұмыстардың қай өңірге болмасын пайдасы мол болып жатыр деп сеніммен айта аламыз.
Сөзімізге дәлел келтіру үшін бірер өңірді мысал етіп айталық. Биыл маңғаз Маңғыстау өңірін табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі 99,9 пайызға жетті. Қазіргі уақытта жобамен 786 мыңнан аса маңғыстаулық көгілдір отын тұтынады. Аталған межеге қол жеткізу үшін «Бейнеу – Жаңаөзен», «Жаңаөзен – Ақтау» магистральдық газ желілерін ұлғайту және жөндеу жұмыстары атқарылған. Алдағы уақытта бұл желілер тағы да ұлғайып, бірнеше елдімекенге табиғи газ жеткізілетін болады. Одан бөлек, Жаңаөзенде заманауи газ өңдеу өнідірісі салынбақ. Бұл зауыт әлемдік стандарттарға сай болатын көрінеді.
Ал, елорданы газбен қамту жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бас қаланың тұрғындарымен кездескен ведомство басшысы айтқан еді. Бұл бағыттағы қарқынды жұмыстар 3 кезеңге бөлінген. Атап айтқанда, алғашқы кезең осыдан 3 жыл бұрын аяқталып, екі жүз мыңнан аса тұрғын табиғи газға қол жеткізген. Ал биыл екінші кезеңі іске асырылып, келесі кезеңнің жұмыстары басталады.
Министрлік таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2030 жылға дейін ел тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші алпыс бес пайызға жеткізілмек. Осы мақсатта биылғы газдандыру жұмыстарына тоқсан миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Аталған қаражат 250 мыңға жуық тұрғынды көгілдір отынмен қамтуға жеткілікті.
Сондай-ақ, елімізде газдандыру жұмыстарын жандандыру, жобаларды газбен қамту бағытында бірнеше ауқымды жоба жүзеге асрылмақ. Олар: «Ақтөбе – Қостанай», «Бейнеу – Бозой – Шымкент», «Талдықорған – Үшарал» және «Сарыарқа» магистральдық газ құбырларында атқарылатын жұмыстар.
Айта кету керек, былтыр Қазақстанда өндірілген табиғи газ көлемі 59 миллиард текше метрден асқан. Ал, биыл бұл көрсеткішті бірер миллиард текше мертке көбейту көзделіп отыр. Оның ішінде сұйытылған мұнай-газ өндірісі де жанданатын болады.
Сондай-ақ, еліміздегі жиырма моношаһардың жартысына жуығы табиғи газға қосылған. Қалған шығыс пен солтүстіктегі қалаларды қамту үшін инфрақұрылым жеткіліксіз болып отыр. Дегенмен, алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар атқарылып, шағын қалалардағы алты жүз мың адамның игілігі артатын болады. Мұның барлығы Үкімет пен Энергетика минситрлігінің жіті бақылауында.
Б.Мейірханұлы,