Өзінің қуанышты жаңалығымен бөліскен әнші бұл жетістігінің артында үлкен еңбек жатқанын айтты.
ERNUR.KZ.Қазақстандық әнші Динара Каиргожа (Бисенова) британдық Golden time Talent халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді, деп жазады inbusiness.kz.
Динара Каиргожа – ұстаз, композитор, әнші әрі актриса. Еліміздің мәдениет қайраткері, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, эстрадалық вокалдан республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында тұратын отандасымыз мұхиттың арғы жағында ұлттық ән өнерін насихаттап, екі елдің мәдени байланысының дамуына үлес қосып жүр.
"Төрткүл дүниенің таланттары бас қосқан байқауда өзімнің туындымды орындадым. Әнін де, сөзін де өзім жаздым. "Өкпе" деп аталатын бұл шығармам қазылар алқасының шешімімен жүлдеге лайық деп танылды. Өте қуаныштымын. Бұл менің шығармашылық жолымдағы кезекті жеңіс деп білемін. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Одан әрі шығармашылығымды дамытуыма үлкен бір серпін болды. Өнерімді бағалаған шетелдік ұйымдастырушыларға алғысы білдіргім келеді", – дейді өнер иесі.
Айта кетейік, Динара Каиргожаға жүлде әкелген бұл туынды отандық телеарналарда алдағы уақытта тұсауын кесетін "Шырағың сөнбесін" теле хикаясының саундтрегіне таңдап алынған.