​ТАСТАУҒА ОБАЛ: Кеңес дәуірінің ЖИҺАЗын ЖАҢАРТУ қиын емес

0
161

Бұл кезеңнің жиһаздары ірі, салмақты әрі сәнді болып келеді


​ТАСТАУҒА ОБАЛ: Кеңес дәуірінің ЖИҺАЗын ЖАҢАРТУ қиын емес

Сурет: ЖИ

Үйіңізде Кеңес заманынан келе жатқан сапасы мықты жиһаз барына күмән жоқ. Оған «Сәннен қалған, сырт көрінісі ескірген» деп көңіліңіз толмайтынын да білеміз. Заманауи жаңа жиһаз алғыңыз келеді, ол да ешкімге құпия емес.

Тек сәні не сырт көрінісі ескіргені үшін Кеңес дәуірінің естелігін «сыртқа тебудің» қажеті жоқ. Бұл кезеңнің жиһаздары ірі, салмақты әрі сәнді болып келеді Оның орнына алған затыңыздың дәл сондай төзімді боп шығуы екіталай. Ескі шкаф, комод немесе сервантты аз шығынмен-ақ жаңартып, заманауи интерьердің сәніне айналдыруға болады.


ЕСКЕРІҢІЗ! Ескі жиһазды жаңартуға кіріспес бұрын, оның жағдайын мұқият бағалаңыз. Сыртқы көрінісі нашар болғанымен, әлі де берік әрі қолдануға жарамды жиһазды қалпына келтіруге болады.

Ал бөлшектері сынып, қаңқасы босап, бірнеше жерінен қирап тұрған немесе пайдалануға қолайсыз затты жөндеуге көп қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда жаңасын алған тиімді болуы мүмкін.


  • Қарапайым шкафтың есіктеріне заманауи молдингтер (ойылған сәндік тақтайша) орнатсаңыз, ол классикалық немесе ампир стиліндегі жиһаз боп шыға келеді.
  • Ал ірі, шойыннан жасалған тұтқалар тақсаңыз, лофт стиліндегі ерекше бұйымға айналады.
  • Тумбаны пастель түстерге бояп, кей жерлеріне жеңіл ескіру әсерін берсеңіз, прованс стиліндегі әдемі жиһаз аласыз.
  • Ескі серванттың ішкі артқы қабырғасын жиһазға арналған ақ немесе ашық түсті матамен қаптауға болады. Бұл ескі ДВП немесе фанераның кемшіліктерін жасырады. Жиһаздың ішкі бөлігін жеңіл әрі сәнді көрсетеді. Сервантты бұрынғыдан әлдеқайда жинақы әрі заманауи етіп көрсетеді.
  • Ал әдемі ағаш орындықтарды қаптамасын ауыстыру арқылы жаңартуға болады. Кейде орындықтың қаңқасын өзгертпей-ақ, жаңа матамен қаптау оның сыртқы көрінісін түбегейлі өзгертіп жібереді.
  • Кеңес дәуірінің кей жиһаздары қазіргі скандинавиялық стильге өте жақын. Оларды заманауи интерьерде еш қиындықсыз пайдалануға болады. Мысалы, ескі креслоның матасын жаңарту арқылы екінші өмір бере аласыз. Тумбаның аяқтарын заманауи үлгіге ауыстырсаңыз, жиһаздың бастапқы қарапайымдылығын сақтай отырып, оған жаңа сипат бересіз.
  • Кеңес дәуіріндегі әйгілі жиһаз қабырғаларын (стенкалар) да жаңарту қиын емес. Оны жаңа түске бояуға немесе тұтқаларын заманауи үлгіге ауыстыруға болады.
  • Егер жиһаздың беті лакпен қапталған болса, оны түгелдей қырып тастаудың қажеті жоқ. Көп жағдайда бетін тегістеуіш қағазбен аздап өңдеп, жылтырлығын кетіру жеткілікті. Содан кейін арнайы грунт жағып, бояуға кірісуге болады.
  • Тағы бір тиімді тәсіл – жиһаз қабырғасын бірнеше бөлікке бөліп пайдалану. Мысалы, бір бөлігін ашық сөреге айналдыруға, екінші бөлігін шағын бар ретінде безендіруге, үшінші бөлігін теледидар астына қоятын тумба ретінде қолдануға болады.
  • Ал жиһазды тұтас қалдырғыңыз келсе, барлық бөлігін бір түске бояп, ерекше контраст қосыңыз. Мысалы, алтын түсті тұтқалар немесе ішкі қабырғаларының қанық түске боялуы оған өзгеше сән береді.

ЛАЙФХАК! Жиһазды жаңартуға кіріспес бұрын, оның қандай түсте және қалай көрінетінін жасанды интеллект көмегімен алдын ала елестетіп көре аласыз. ЖИ құралына ескі жиһаздың суретін жүктеңіз. Бояу түсін, сәндеу үлгісін өзгертуге қатысты өз идеяларыңызды ұсыныңыз немесе ЖИ-дан идея ұсынуға тапсырыс беріңіз. Суретті соған сай өңдеуді сұраңыз.



Ескі жиһазды қандай түске бояған дұрыс?

Жиһазды жаңартуда түс таңдаудың маңызы зор. Бір ғана бояу түсі мен жаңа тұтқалар ескі шкафтың өзін мүлде басқа бұйымға айналдыра алады. Төменде бірнеше қызықты идея ұсынамыз.


1. Екі түсті үйлестіріп көріңіз

Ағаштың табиғи түсі мен жасыл реңктің үйлесімі – ешқашан сәннен қалмайтын классикалық шешім. Мұндай үйлесім қымбат бильярд үстелдері мен ағылшын кітапханаларындағы жиһаздарды еске түсіреді.

Егер жиһаздың кейбір жерлеріндегі ағаш қабаты (шпон) жақсы сақталған болса, оны боямай қалдыруға болады. Ұсақ сызаттарды арнайы балауыз қарындаштармен немесе жиһазға арналған маркерлермен жасырыңыз. Ал бүлінген бөліктерін қою жасыл түске бояңыз.

Осылайша табиғи ағаштың әдемілігі мен жаңа түстің үйлесімі ерекше көрініс береді.

Жасанды интеллект арқылы бірнеше нұсқаны алдын ала салыстырып көруге де болады. Мысалы, жиһаздың тек бүйір қабырғаларын боясаңыз, ол ұстамды әрі жинақы көрінеді.

Ал батыл шешім қабылдағыңыз келсе, жиһаздың алдыңғы беттерін көлденең немесе әртүрлі бағытта бояп, ерекше дизайн жасауға болады.


2. Бір ғана сабырлы, бірақ қанық түсті таңдаңыз

Егер жиһаздың қарапайым әрі сәнді көрінгенін қаласаңыз, бір түсті пайдаланған дұрыс. Бірақ тым ашық емес, терең реңктерді таңдаңыз. Мысалы, графит түсті, қанық көк, қою жасыл, сүт түстес ақшыл реңк, т.с.с. Мұндай түстер жиһазға салмақтылық пен заманауи сипат береді.

Ал ерекше әсер қосу үшін алтын түсті тұтқалар орнатуға немесе жиһаздың ішкі қабырғаларын қызыл сияқты қанық түске бояуға болады. Осындай шағын детальдар жиһазды әлдеқайда сәнді көрсетеді.


3. Жарқын бояудан қорықпаңыз

Егер үйіңізде ерекше әрі көзге бірден түсетін акцент болғанын қаласаңыз, батыл түстерді қолданып көріңіз. Мысалы, таңқурай түстес қанық қызғылт немесе басқа да жарқын реңктерді таңдауға болады. Бояу түсі тым ашық көрініп қалды десеңіз, оның әсерін патина арқылы жұмсартуға болады.

Патина – жиһаздың бетіне әдейі ескіру әсерін беретін сәндік өңдеу тәсілі. Оны балауыз немесе қою түсті бояу арқылы жасауға болады. Ол үшін жиһаздың бедерлі, ойық жерлеріне қылқаламмен аздап балауыз жағыңыз. Балауыз кеппей тұрып, шығыңқы бөліктерін дымқыл губкамен немесе жұмсақ матамен сүртіңіз. Балауыз ойық жерлерде қалып, жиһаздың бедерін айқындай түседі. Шығыңқы бөліктерін жартылай құрғақ қылқаламмен ашық түске немесе алтын түске бояуға болады. Ал ойық жерлерін қою түспен әрлеп, көлемді көрініс беріңіз. Нәтижесінде жиһаз жаңа боялғанымен, оған әдейі ескі әрі ерекше сән берілгендей әсер қалыптасады.


Жиһазды қайта бояғанда нені ескеру керек?

Егер шкафты немесе тумбаны бүлдіріп аламын деп қорықсаңыз, жұмысты бірден үлкен жиһаздан бастамаңыз. Алдымен кішкентай ағаш орындықты, ескі табуретканы немесе шағын сөрені жаңартып көріңіз. Осы арқылы қолыңызды жаттықтырып, бояу жағу, бетін тегістеу және сәндік әрлеу тәсілдерін үйренесіз. Кейін үлкен комодты немесе шкафты жаңарту әлдеқайда жеңіл болады.

Қазіргі таңда жиһазды бояуға арналған арнайы материалдар көп. Мысалы, борлы бояулар, грунт, лак және балауыз түрлері бар. Дегенмен кез келген материалды қолданар алдында нұсқаулығын мұқият оқып, алдымен жиһаздың көзге түспейтін кішкентай бөлігінде сынап көрген дұрыс.


Ескі жиһазды жаңартудың төрт негізгі қадамы

1-қадам. Жиһаздың бетін дайындаңыз

Алдымен жиһаздың бетін 240 нөмірлі тегістеуіш қағазбен өңдеңіз. Ескі лакты түгелдей алып тастау міндетті емес. Басты мақсат – оның жылтыр қабатын кетіріп, бояудың жақсы жабысуына жағдай жасау.

Бұл жұмысты қолмен де, тегістеу құрылғысымен де орындауға болады. Үлкен әрі тегіс беттерді құрылғымен өңдеу ыңғайлы. Бірақ ерекше құнды ағаш жиһаз бұрын еденге арналған бояумен немесе басқа қалың жабынмен боялған болса, оны жай ғана тегістеу жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ескі бояуды арнайы кетіргіш құралмен толық тазарту қажет. Ескі бояу мен лакты кетіретін химиялық құралдарды қолданғанда қолғап киіп, бөлмені жақсы желдетіңіз. Құралдың қауіпсіздік нұсқаулығын сақтаңыз.


2-қадам. Сызаттар мен зақымдарды жөндеңіз

Жиһаздың бетіндегі жарылған, ойылған немесе сызылған жерлерді арнайы автокөлік шпатлевкасымен тегістеуге болады. Ол әртүрлі бетке жақсы жабысады.

Ал егер жиһаздың бастапқы ағаш қабатын сақтағыңыз келсе, арнайы балауыз қарындаштар мен маркерлерді пайдаланған дұрыс. Олар ұсақ сызаттарды жасыруға көмектеседі.

Егер жиһазды сәндік тақтайшалармен, молдингтермен немесе трафареттермен безендіруді жоспарласаңыз, ағашқа арналған ПВА желімін дайындап қойыңыз.


3-қадам. Грунт жағып, бояңыз

Жиһаздың бетін тазалап, тегістегеннен кейін арнайы грунт жағыңыз. Грунт бояудың бетке жақсы жабысуына көмектеседі.

Одан кейін жиһазды таңдаған бір немесе бірнеше түске бояуға болады. Қалауыңызға қарай бірнеше түсті үйлестіріңіз немесе патина әдісін қолданыңыз. Трафарет арқылы өрнек немесе қолмен сурет салуға болады. Алтын түсті сәндік жұқа қабат – поталь қоса аласыз. Ең бастысы, түстер мен өрнектер жиһаздың бастапқы пішініне және үйіңіздің интерьеріне сәйкес болғаны дұрыс.


4-қадам. Лакпен бекітіңіз

Жиһазды бояп, безендіру жұмыстары аяқталған соң, оның бетін арнайы лакпен қаптаңыз. Бұл бояудың түсін бекітіп, жиһазды сыртқы әсерлерден қорғауға көмектеседі. Лактың түрін жиһаздың қолданылу мақсатына қарай таңдаңыз. Мысалы, жиі пайдаланылатын үстел мен тумбаға төзімді жабын қажет. Лакты өндіруші нұсқаулығына сәйкес жағып, толық кебуіне уақыт беріңіз.

Кеңес дәуірі жиһаздарының басты артықшылығы – сапалы материалдан жасалуы және ұзақ пайдалануға жарамдылығы. Сондықтан сыртқы көрінісі ескірді екен деп, оны бірден тастауға асықпаңыз. Кейде жаңа бояу, әдемі тұтқа, сәндік тақтайша немесе жаңартылған қаптама ескі жиһазды мүлде басқа бұйымға айналдырады.

Ең қызығы, мұндай жұмыс тек үйдегі заттарды жаңартумен шектелмейді. Жиһазды өз қолыңызбен әрлеу шығармашылыққа жетелеп, күнделікті күйбең тірліктен бір сәт демалуға да көмектеседі.


Өздігінен жабысатын пленкамен әрлеу

Жиһазды жаңартудың тағы бір қарапайым әрі қолжетімді тәсілі – өздігінен жабысатын сәндік пленка қолдану. Оның көмегімен шкафтың есігін, асүй жиһазының алдыңғы бетін, үстелдің тақтайшасын немесе тумбаны өзгертуге болады.

Пленканың ағаш, мәрмәр, тас және бір түсті түрлері бар. Сондықтан оны үйдің жалпы интерьеріне қарай таңдауға мүмкіндік мол.

Жұмыс алдында жиһаздың бетін кір мен майдан тазалап, құрғатыңыз. Пленканы біртіндеп жапсырып, арнайы пластик қалақшамен тегістеңіз. Астында ауа көпіршіктері қалмаса, көтеріліп кетпей ұзақ сақталады.


Тағы бір маңызды кезең – фурнитураны ауыстыру

Жиһаздың сыртқы көрінісін өзгертудің ең оңай жолдарының бірі – ескі тұтқалары мен топсасын, бекіткіштерін ауыстыру. Кейде шкафтың есігі дұрыс жабылмайды, тумбаның тартпасы ашылмайды немесе топсалары сықырлайды. Мұндай кемшіліктерді жою үшін бүкіл жиһазды қайта жасау міндетті емес. Қазіргі таңда фурнитура дүкендерінде қарапайым минималистік үлгілерден бастап, сәнді алтын түсті және антикварлық стильдегі түрлеріне дейін көп нұсқа бар.

Егер ескі бұрандалардың орны босап немесе тесіктері үлкейіп кетсе, оларды арнайы шпатлевкамен бітеп, қажет болған жағдайда жаңа бекіткіштерге лайықтап қайта тесуге болады. Бұл – аз шығынмен үлкен өзгеріс жасауға мүмкіндік беретін тәсіл.

Дайындаған: Т. Сейітхан,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Кей ГҮЛДЕРДІ көктемде емес, КҮЗДЕ еккен дұрыс


ПЕДАГОГта болуы тиіс 10 кәсіби дағды: СІЗДЕ қайсысы жоқ – тексеріп көріңіз