​ӘКЕ мен ҚЫЗЫНЫҢ арасында сақталуы тиіс 6 ереже

0
67

Бұны барлық әке орындауы қажет!


​ӘКЕ мен ҚЫЗЫНЫҢ арасында сақталуы тиіс 6 ереже

Фото: ЖИ

Қыз бала анасына қарағанда әкесіне жақын болады деген пікірді көпшілік арасында жиі естуге болады. Шын мәнінде, әке мен қыз арасындағы мейірімге, ерекше эмоционалдық байланысқа негізделген қарым-қатынастың орны бөлек. Әсіресе, тұлымшағы желбіреген кішкентай қыздың әкесіне деген ықыласы мен әкенің қызына көрсететін қамқорлығы – жүрекке жылу сыйлайтын көрініс.

Нәресте кезінен әкесінің құшағында тербеліп, оның дауысын естіп, жылуын сезінген қыз бала біртіндеп әлемді қауіпсіз мекен ретінде қабылдай бастайды. Әке қызының бойында өзіне деген сенімділік қалыптастырып, сыртқы әлеммен қарым-қатынас орнатуына, болашақта өзін бағалай білуіне ықпал етеді. Қыз бала әкесінің оған деген құрметі мен қамқорлығы арқылы өзіне қалай қарау керектігін де үйренеді.

Алайда, өкінішке қарай, кейде осы қорғанның өзі балаға қауіп төндіретін жағдайлар кездеседі. Қоғамда туған әкесінен жыныстық зорлық-зомбылық көрген қыз балалар туралы жан түршігерлік оқиғалар бұған дәлел.

Сондықтан қыз бала өскен сайын әкелік мейірім мен қарым-қатынас баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыруы қажет дейді психологтар.


1. Қызыңызды тек маңдайдан сүйіңіз

Қыз баланы еркелету, сүю қалыпты жағдай. Әрине нәресте кезінде алақанын, табанын, қарнын сүйесіз, мойнынан иіскейсіз. Бұл жақсы көрудің, шексіз әкелік махаббаттың көрінісі. Бірақ сол махаббатты жеткізе білудің әр жасқа қарай өз әдебі мен мәдениеті бар.

Бетінен сүйіп, құшақтап, мейіріміңізді көрсетіңіз. Бірақ қыз баланың ернінен ешқашан сүймеңіз. Бұл ереже ол қай жаста болса да сақталғаны абзал. Тек маңдайынан сүйіңіз.

Неліктен? Бала отбасындағы қалыпты және орынсыз жанасудың айырмашылығын түсініп өсуі қажет. Бұл түсінік күнделікті отбасылық қарым-қатынастан қалыптасады. Ересектер баланың денесіне құрметпен қараса, бала да өз денесінің қадірін түсінеді. Сонымен бірге бұл гигиена тұрғысынан да дұрыс емес.


2. Қызыңызды 5 жасқа дейін-ақ шомылдырыңыз

Баланың санасы оның тілдік дамуымен қатар қалыптасады. Мысалы, 2 жастан бастап бала алғашқы есімдіктер мен етістітерді байланыстырып айта бастайды да, анасынан бөліну, балабақшаға бару үдерісі де осы кезеңде қалыптасады. Ал саналы естеліктері 4-5 жастан, яғни сөйлеуді нақты меңгергенде басталады.

4 жастан асқан балалар енді сәби емес, өз жынысын білетін, ұл мен қызды ажырата алатын, қоршаған әлемді түсіне бастаған жеткіншектер.

Бұл жастан бастап қыз бала санасы тым белсенді қарым-қатынасты әкелік мейірім ғана емес, ер адам тарапынан жасалатын эротикалық мінез-құлық ретінде қабылдайды. Сондықтан бала өздігінен жуына алатын жасқа жеткенде, оның жеке кеңістігін құрметтеу қажет. Анасы болмаса әжесі, әпкесі, басқа әйел адам шомылдырсын.

Неліктен? Бала ешкімнің, тіпті туған әкесінің, атасының, ағасының немесе басқа жақын адамның да, оның интимдік аймақтарына орынсыз қол тигізуге құқығы жоқ екенін осылай түсінеді.

Егер бала ата-анасы немесе басқа біреу тарапынан бұл шекараның бұзылуына (киімсіз көру, қол тигізу) кішкентайынан үйреніп қалса, болашақта ол басқа біреудің де оның денесіне рұқсатсыз тиюін қалыпты жағдай деп қабылдау қаупі артады.


3. Қызыңызбен бір бөлмеде ұйықтамаңыз

Кішкентай бала қорыққанда, ауырғанда немесе түнде шошып оянғанда әкесінің жанында жатқысы келуі мүмкін. Мұндай кезде оны жұбату қалыпты. Бірақ жасына қарай жеке төсегінде, өз кеңістігінде ұйықтау дағдысын қалыптастырыңыз. Мысалы, 8-9 жастарға қарай қыз бала өзінің жеке кеңістігін айқындай бастайды. Өз денесіне деген ұят, жасқану сезімдері пайда болады. Бұл кезеңде қыз баланың өз жеке бөлмесі болғаны дұрыс. Және бұл бөлмеде әке түгілі ағасы немесе өзге ер туыстардың жатуына жол бермеу керек.

Неліктен? Баланың дербестігі мен жеке кеңістігінің шекарасы осылай қалыптасады. Егер бала өз үйінде, өз бөлмесінде немесе төсегінде қауіпсіздік пен дербестікті сезінсе, ол басқа біреудің (бөтен адамдардың немесе құрдастарының) оның жеке шекарасына рұқсатсыз қол сұғуына қарсы тұра алады.


4. Қызыңызды құшақтаңыз, бірақ мәжбүрлемеңіз

Сәби кезінде құшақтау мен еркелету арқылы берілетін жылулық жасөспірімдік кезеңде жеке кеңістікті құрметтеумен, пікірін тыңдаумен, дербестігін қолдаумен ұштасуы тиіс.

Қыз бала 12 жастан бастап табиғи түрде өзі-ақ шекарасын қорғай бастайды. «Мен әкеңмін ғой, неге құшақтамайсың?» деп ренжімеңіз. «Әкеңмін ғой» деген сөз баланың денесіне, жеке кеңістігіне немесе сезіміне шексіз билік бермейді. Балаңыз құшақтағысы келмесе, оның шешімін қабылдаңыз. «Жоқ», «маған ұнамайды» деген сөздеріне құрметпен қараңыз.

Неліктен? Өзінің қалауын ашық айта алатын бала қолайсыз әрекетке қарсылық білдіруді де үйренеді. Бала өзіне ұнамайтын жанасуды тоқтатуды талап етуге құқылы екенін түсінуі керек.

Егер ата-ана баланың «құшақтағым келмейді» деген сөздерін сыйламай, күштеп өз дегенін істейтін болса, бала «менің пікірімнің маңызы жоқ, ересектер қалағанын істей алады» деген қате түсінікпен өседі. Мұндай қалыптасқан сенім кейін басқа адамның қысымына қарсы тұруын қиындатуы мүмкін.


5. Қызыңыздың бөлмесіне кірерде есік қағыңыз

Қыз бала киініп жатқанда, киім ауыстырғанда немесе жеке шаруасымен айналысқанда оның бөлмесіне рұқсатсыз кірмеңіз. Есікті қағып, жауап күтіңіз. Бұл қарапайым әдетті үйдегі барлық ересек адам сақтауы керек.

Неліктен? Бұл баланың жеке өмірін құрметтеуге үйретеді. Егер бала «ата-анам болған соң, менің жеке шекарам жоқ» деген ортада өссе, болашақта басқа адамдар тарапынан болатын шектен тыс бақылау мен психологиялық қысымды қалыпты жағдай деп қабылдап қалуы мүмкін.

Керісінше, әкесі оның жеке кеңістігін сыйлап, есік қағып кірсе, бала «менің де жеке құқығым бар, ешкім оны бұзуға хақылы емес» деген түсінікпен өседі.


6. Мақтағанда келбетіне емес, тұлғалық қасиеттеріне мән беріңіз

Мақтайтын сәттерде «Қызым, ақылдысың», «еңбекқорсың», «талабың жақсы», «сенің қолыңнан келеді» деген сөздерді айтыңыз. Сырт келбетін мақтағанда әдепті сөздерді қолданыңыз. Кеудесіне, бөксесіне, дене бітіміне қатысты сексуалдық сипаттағы пікірлер айтуға болмайды.

Неліктен? Қыз баланың өзіндік бағасы тек сұлулығымен өлшенбеуі керек. Ол өзінің ақылымен, қабілетімен, мінезімен және жетістіктерімен бағалы екенін сезінуі қажет.

Егер қыз бала тек сыртқы келбеті үшін ғана мақталып өссе, ол өзінің қоғамға немесе жақындарына тек «әдемі зат» немесе «көздің жауын алатын сурет» ретінде ғана керек екенмін деп ойлап қалуы мүмкін. Мұндай бала өзгермелі сыртқы келбетіне (мысалы, салмақ қосу, жас ұлғаю немесе сыртқы келбетіндегі кішігірім кемшіліктерге) шамадан тыс күйзеліспен қарай бастайды. Бұл кейіннен өз-өзіне көңілі толмаушылыққа, тіпті тәбеттің бұзылуына (анорексия, булимия сияқты психологиялық мәселелерге) әкеп соғуы мүмкін.

Есте ұстаңыз, бұл ережелер қыз баланы әкесінен алшақтату емес. Бұл қыз балаға кішкентайынан ер адамның қамқорлығы мен үстемдігінің, сүйіспеншілігі мен зорлық-зомбылығының аражігін ажыратуға үйрету. Өйткені қыз баланы қорғаудың ең төте жолы – өз қадірін білетін, жеке шекарасын қорғай алатын, өзіне сенімді тұлға етіп тәрбиелеу.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

БАЛАҢЫЗ 20 жасқа толғанда сізге РАҚМЕТ айтатын ЕҢ ҚҰНДЫ 4 естелік

Бауырлардың арасын жақындататын 6 дәстүр