​Қазақстандық дәмдеуіштер Мәскеуде «Жыл тағамы» атанды

0
1 585

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Мәскеуде өткен 27-ші «World Food Moscow 2018» халықаралық азық-түлік көрмесінде 11 отандық өндіруші-компания ұсынған Қазақстанның ұлттық тақтасын таныстырды.


​Қазақстандық дәмдеуіштер Мәскеуде «Жыл тағамы» атанды

ERNUR.KZ. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Мәскеуде өткен 27-ші «World Food Moscow 2018» халықаралық азық-түлік көрмесінде 11 отандық өндіруші-компания ұсынған Қазақстанның ұлттық тақтасын таныстырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Павильонды «Made in Kazakhstan» брендімен осылай ұсыну форматы елдің экспорттық әлеуетін тиімді таныстыруға, танымалдығын арттырып, қазақстандық өнімді шетелде ілгерілетуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы отандық өндірушілердің өткізу нарығын кеңейтіп, жаңа серіктестер іздеуіне көмектесу үшін осындай көрмелерге қатыстырады. Қазақстандық өнімді экспорттаудың географиясын кеңейту және экспорттық ағынды арттыру арқылы отандық өндірушілерге қолдау жасалады.

«Бүгінгі таңда біздің компаниямыз Қазақстан нарығында шай және дәмдеуіш өндіру бойынша озық тұр. Аталған көрме жаңа дистрибьюторларды табу ғана емес, сонымен бірге ағымдағы серіктестермен кездесу, барлық жоспарларды осы жерде талқылауға мүмкіндік берді», - деп атап өтті «Малу» ЖШС жетекшісі Василий Грищенко.

Оның өнімдері осымен екінші жыл қатарынан «World food Moscow» көрмесінде «Жыл тауары» марапатына ие болып отыр.

«Өткен жылы біз шайымызбен «алтынға» ие болғанбыз, осы жылы дәмдеуіштердің «Магия вкуса» және «Гурман» атты қос маркасы бізге «күміс» алып келді», - деді компания директоры.

Бұл ресейлік серіктестердің қазақстандық өнімге қызығушылығы артқанын білдіреді. Қазақстандық тауар өндірушілер осындай көрмелерге қатысу түрлі елдер делегаттарының арасындағы өзара тиімді қатынастарды одан әрі дамытуға жақсы әсерін тигізетінін айтып отыр. Өйткені, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы «В2В» форматында әлеуетті сатып алушылармен келешектегі кездесулерге және іскерлік келіссөздерге арналған сауда келіссөз жүргізу аймақтарын әзірлейді.

«World Food Moscow 2018» 1500-ден астам ресейлік және әлемнің 65 елінен келген шетелдік компаниялар, 17 федералды және аймақтық желілер, азық-түлік пен сусын импорттаушылар мен ірі дистрибьюторлардың басын қосты.