Мемлекет басшысы наурыздағы Ұлттық құрылтайда Қазақстанда егжей-тегжейлі пысықтай әрі есеп-қисабын жүргізе отырып, ғылыми қалашықтар құруды міндеттеген болатын.
ERNUR.KZ. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Новосібір облысында құрылған Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің (РҒА СБ) базасындағы Ресейдегі ең ірі ғылыми-білім беру және инновациялық орталықта болды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Делегация құрамына өнеркәсіп және құрылыс, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ғылым және жоғары білім министрліктерінің, ҰЭМ жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының басшылары, бизнес өкілдері кірді.
РҒА Сібір бөлімшесі – Академияның ең ірі өңірлік бөлімшесі. Оның айрықша ерекшелігі, ғылыми-зерттеу қызметін қолданбалы және мемлекеттік міндеттерді шешуге арнаған. РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон атап өткендей, экожүйе дәйекті интеграция принципі бойынша жұмыс істейді: ғылым білімді қалыптастырады, содан кейін оларды білім беру жүйесіне енгізу мен практикалық іске асыру жүреді.
Новосібір ғылыми орталығының аумағында үш академиялық қалашық, РҒА СБ 53 ғылыми-зерттеу институты, Новосібір мемлекеттік университеті, Академиялық парк, медбиотехнопарк, «Кольцово» ғылыми қалашығы және ғылыми-инновациялық кластердің басқа да негізгі объектілері жұмыс істейді. 2003 жылы ғылыми қалашық ретінде ресми мәртебеге ие болған Кольцово бүгінде Ресейдегі ең ірі биотехнологиялық кластердің бірі. Мұнда Эбола, А гепатиті және COVID-19 вакциналарын жасаған «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығы орналасқан. Кластерде 30-дан астам шағын инновациялық компания жұмыс істейді.
Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников, РҒА СБ төрағасы Валентин Пармон, ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысқан жұмыс жиналысында Лаврентьевтің «ғылым – білім – өндіріс» үштағаны қағидаты бойынша құрылған экожүйенің технологиялық және инновациялық артықшылықтары айтылды.
Андрей Травников атап өткендей, академиялық қалашық, ғылыми қалашық, атом қалашығы сияқты әртүрлі форматтағы ғылым мен технология көп шоғырланған аумақ құру тәжірибесі өткен ғасырда өзін сан мәрте ақтаған. Ол ХХІ ғасырда қолдануға да, қайталауға да лайық. Егер тәжірибе пайдалы болып, Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға ықпал етіп жатса, ол қуанарлық жағдай.
Кездесуде экономикалық көрсеткіштер де айтылды: Академиялық парк резиденттерінің 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі жиынтық кірісі екі есе: сәйкесінше 31,8 млрд рубльден 60,5 млрд рубльге дейін өскен. Төленген салық мөлшері 2021 жылы 2,9 млрд рубльден 2024 жылы 6,7 млрд рубльге дейін артқан.
«Біз ШОБ-ты дамытуды көздейміз, технологиялық орталықтарды кеңейтуге көп көңіл бөлеміз. Біздің бағалауымыз бойынша, Академпарктің 253 резиденті Новосібір облысының жалпы өңірлік өнімінің шамамен 1,5%-ын қамтамасыз етеді. Салыстырар болсақ, өңірдің барлық аграрлық секторының үлесі ЖӨӨ-нің шамамен 5%-ы», — деп атап өтті «Новосібір Академиялық қалашығы технопаркі» АҚ бас директоры Дмитрий Верховод.
Қазақстандық делегация Ресейдегі алғашқы 4+буынды синхротрондық сәулелену көзі – «Сібір айналмалы фотон көзі» (САФК) ұжымдық пайдалану орталығының құрылыс алаңына барды. 2025 жылдың соңында іске қосылатын орталық еуропалық және оңтүстік америкалық технологиямен салыстыруға болатын әлемдегі ең озық ғылыми қондырғының бірі.
Сапар соңында Серік Жұманғарин РҒА Сібір бөлімшесіне және Новосібір облысы әкімшілігіне ғылыми-инновациялық кластер құру тәжірибесімен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Тараптар ғылым қалашығының жұмыс істеу моделін тереңірек зерделеп, оны Қазақстанда қолданудың болашағын бағалау үшін бейінді мамандармен тәжірибе алмасуды жолға қоюға уағдаласты.