Жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру тәртібі үкімет актісімен айқындалады.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Қазақстанда мемлекеттік лауазымдағы адамдардың кадрлар бөліміне жеке мүдделері туралы декларацияны ұсынуға міндеттелетінін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл туралы" заң жаңа тараумен толықтырылады.
"Мемлекеттік лауазымдағы немесе оларға теңестірілген функцияларды орындайтын лауазымдағы адам жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларацияны ұсынуға тиіс. Олар басқа лауазымға ауысқан кезде жұмыс орны бойынша кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларация тапсыруға тиіс", - деді Сарқұлов мәжіліс отырысы кезінде.
Декларацияда мынадай ақпараттар көрсетіледі:
- мемлекеттік қызметкермен бір мемлекеттік органда немесе ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы, жекжаттары туралы;
- ол жүзеге асыратын педагогикалық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызмет;
- сондай-ақ акционер не өзге де қатысушы немесе заңды тұлғаның басшысы ретінде, оның ішінде тиісті лауазымға орналасқанға дейін бір жыл ішінде;
- жақын туыстарының, жұбайының және жекжаттарының акционер ретінде немесе заңды тұлғаның басшысы ретінде қатысуы.
Сарқұловтың айтуынша, жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру тәртібі үкімет актісімен айқындалады. Жеке мүдделер туралы декларацияны уақтылы ұсынбағаны немесе дұрыс толтырмағаны үшін мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жауаптылыққа тартылатын болады. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтер көрсетілген жағдайда, мемлекеттік қызметкер декларация берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қосымша декларация беруге құқылы.