Қазақстандықтар бала өліміне әкелген оқиғадан кейін Hyundai көліктерін жаппай тексеріп жатыр

0
103

Қазір Hyundai Motor Company жағдайды түзету үшін жұмыс істеп жатыр.


Қазақстандықтар бала өліміне әкелген оқиғадан кейін Hyundai көліктерін жаппай тексеріп жатыр

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. АҚШ-та Hyundai Palisade көлігіндегі автоматты орындықтың кесірінен бала қаза тапты. Осыдан кейін қазақстандық жүргізушілер де дабыл қағып, өз көліктеріндегі жүйенің қауіпсіздігін тексере бастады, деп жазады stan.kz.

АҚШ-та болған қайғылы оқиғада 7 наурыз күні Огайо штатында болған. Hyundai Palisade көлігіндегі автоматты орындықтың астында қалған бала тыныстай алмай қалған. БАҚ мәліметінше, 2026 жылғы көліктегі орындықтың жиналу жүйесі балаға қысым түсіріп, қайғылы жағдайға әкелген.

Осыдан кейін Hyundai Motor Company-дің Солтүстік Америкадағы бөлімшесі көліктің сатылымын тоқтатып, АҚШ пен Канадада 69 мыңнан астам автокөлікті кері қайтаруға шешім қабылдады. Себеп – адамды немесе затты сезіп, тоқтауы тиіс датчиктердің дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.

Бұл ақпараттан кейін қазақстандықтар да алаңдай бастады. Көптеген жүргізуші өз көліктеріндегі осындай функцияларды өздері тексеріп, жүйенің қаншалықты қауіпсіз екенін байқап көруге кіріскен.

Солардың бірі – автоблогер Қуандық Мағзамов. Ол тәжірибе ретінде орындыққа зат қойып, оны бүктеу механизмін қосқан. Алайда нәтиже күмән тудырды.

"Мүлде ешқандай реакция жоқ. Бұл өте қауіпті. Егер бала отырса, біреу батырманы басса, оны қысып қалуы мүмкін", – дейді ол.

Ал Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы әзірге ел ішінде мұндай жағдайлар бойынша ешқандай шағым тіркелмегенін хабарлады.

Соған қарамастан, өндіруші мәселенің барын толық жоққа шығармайды. Компания дерегінше, өткен жылдың тамыз айынан бері орындық жүйесіне қатысты 17 шағым түскен, оның төртеуінде жолаушылар жеңіл жарақат алған.

Қазір Hyundai Motor Company жағдайды түзету үшін жұмыс істеп жатыр. Компания наурыз айының соңына дейін бағдарламалық жасақтаманы жаңартып, жүйенің қауіпсіздігін арттыруды жоспарлап отыр.