​Қазақстандықтар "Келешек" жүйесі бойынша алғашқы төлемдерді 2025 жылдың 31 тамызына дейін алады

0
153

Бүгінгі күннің өзінде 6 624 ата-ана аталмыш депозиттерді ашып үлгерген.


​Қазақстандықтар

фото: qaragandyhabary.kz

ERNUR.KZ. 235 920 теңге көлеміндегі мемлекеттік білім беру капиталын қазақстандықтар 2025 жылдың 31 тамызына дейін алатын болады. Ол биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толған немесе толатын балаларға есептеледі. Мемлекеттен осы материалдық қолдауды алу үшін Отбасы банкте ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) "AQYL" білім беру жинақтау салымын ашу қажет.

Бүгінгі күннің өзінде 6 624 ата-ана аталмыш депозиттерді ашып үлгерген.

"AQYL" депозитін ашудың төрт тәсілі?

1. Баспана маркет порталында. Ол үшін оtbasybank.kz сайтында жеке кабинетке кіру керек, содан кейін "Менің банкім" қойындысын ашып, "Депозиттерге" өту керек. Әрі қарай "Жаңа депозит" батырмасын басып, "AQYL" депозитін ашу қажет;

2. Отбасы банктің Otbasy bank мобильді қолданбасында. Ол үшін мобильді қолданбада "Менің банкім" батырмасын басу керек, содан кейін "Жаңа депозитті ашу" қойындысына өтіп, білім депозитін ашу батырмасын таңдау керек.

3. Банк бөлімшелерінде;

4. Кеңесшілердің көмегімен. https://hcsbk.kz/network-agents/ сілтемесі арқылы өз қалаңыздағы кеңесшіні таңдауға болады;

5. Банктің hcsbk.kz сайтындағы бейне қоңырау арқылы.

Отбасы банкте "AQYL" депозиттері бұрын ашылып қойған адамдар не істеуі керек?

Маңызды! Егер Отбасы банкте «AQYL» депозиті бұрын ашылып қойған болса және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бала 5 жасқа толса, онда ата-аналар 2025 жылдың 15 мамырынан бастап 2025 жылдың 30 маусымын қоса алғанға дейін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталындағы жеке кабинетінде «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойып үлгерулері қажет.

Ол үшін otbasybank.kz сайтында жеке кабинетке кіріп, содан кейін "Менің банкім" және "Депозиттер" қойындысына өту қажет. Онда қосымша келісімге қол қою туралы хабарлама автоматты түрде пайда болады. Бір рет басу арқылы қол қойылады – бұл үшін SMS-пен келетін кодты енгізу жеткілікті.

«Otbasy bank» мобильді қосымшасында келісімге қол қою қызметі алдағы күндері қолжетімді болады. Банк бұл туралы өз клиенттеріне қосымша хабарлайды.

"Келешек" жинақтау жүйесі шеңберінде мемлекеттік білім беру капиталы қашан түседі?

235 920 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік білім беру капиталын балаларыңыздың «AQYL» білім беру депозиттерінен келесі мерзімде және жағдайларда көруге болады:

- 2025 жылдың 31 тамызына дейін, егер бірінші жартыжылдықта балалар 5 жасқа толса және оларға «AQYL» депозиті ашылса немесе 2025 жылдың 30 маусымына дейін қолданыстағы «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойылса.

- 2026 жылдың 28 ақпанына дейін, егер балалар 2025 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде 5 жасқа толса және оларға «AQYL» депозиті ашылса немесе биыл қолданыстағы «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойылса.

"Келешек" бағдарламасы аясында балалар мемлекеттен қанша сома алады?

Бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңгені құрайды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгені құрайды.

2025 жылы мемлекеттен 235 920 теңгеден басталатын бастапқы білім беру капиталы биыл 5 жасқа толатын балаларға есептеледі.

"AQYL" депозитінің талаптары:

- сыйақы мөлшерлемесі 13,58% (ЖТСМ 14,5% бастап):

- мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін - 5%. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы отбасылардан шыққан және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін - 7 %.

- депозитті ашу кезінде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері 3 АЕК немесе 11 796 теңгеге тең (2025 жылы). Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы жарна жоқ.

Жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері - 100 АЕК (2025 жылға 393 200 теңге).

Мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс.

Егер сіз депозитті 2025 жылдың ақпанында ашсаңыз, онда мемлекеттік сыйлықақы тек 2027 жылы есептеледі, өйткені 2026 жылдың 1 қаңтарында сіздің депозитіңізге небәрі 11 ай болады.

Қандай жағдайларда мемлекеттен бөлінген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады?

Мемлекеттiң бастапқы капиталы «AQYL» депозитiне есептеледi.

Оны сақтау үшін ата-аналар "AQYL" депозитіне балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін жыл сайын жарна салып тұрулары қажет.

Бір жылдағы ең төменгі жарна 2025 жылы 24 АЕК немесе 94 368 теңге.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін - 2025 жылы 12 АЕК немесе 47 184 теңге.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ашылған "AQYL" депозитіне жыл сайын міндетті жарналарды салудың қажеті жоқ.

Жарналарды бір мезгілде бір сомамен жасауға немесе жыл бойы бөліп-бөліп салуға болады - ең бастысы, жыл соңына дейін ең төменгі жарнаны енгізу жөніндегі талапты сақтау қажет.

Бастапқы білім беру капиталы салымға аударылғаннан кейін ғана енгізілген жарна сомасы ескерілетінін назарға алу қажет. Бастапқы білім беру капиталын есептегенге дейін шотта болған жинақтар ескерілмейді.

Егер жыл қорытындысы бойынша қажетті сома енгізілмесе, мемлекеттен түскен 60 АЕК немесе 235 920 теңге мөлшеріндегі бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.