Қазақстандықтардың жеке деректерін көрсететін Telegram-бот пайда болды

0
693

Бірнеше сұраудан кейін бот нәтижелерді тегін беруді тоқтатады және жазылуды ұсынады.


Қазақстандықтардың жеке деректерін көрсететін Telegram-бот пайда болды

ERNUR.KZ. Telegram мессенджерінде сұраныс бойынша қазақстандықтар туралы жеке ақпаратты – үй мекенжайларын, телефон нөмірлерін, тіпті жұмыс орнын да көрсететін боттар пайда болды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке деректердің сыртқа шығуына қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Сұраныс бойынша бот Tengrinews.kz тілшісі туралы нақты және егжей-тегжейлі ақпарат берді - аты-жөні, телефондары, тіркеу мекенжайы және нақты тұрғылықты мекенжайы (жалдамалы тұр ғын үйдің мекенжайы), жұмысқа орналасқан күні мен лауазымы.

Сондай-ақ, іздеу жүйесінен үкімет мүшелерін, мысалы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді де "табуға" болады. Ол туралы берілген ақпараттың қаншалықты сенімді екені белгісіз.

Бірнеше сұраудан кейін бот нәтижелерді тегін беруді тоқтатады және жазылуды ұсынады. Жазылым үшін төлем ресей рублінде жүргізіледі.

ЦДИАӨМ баспасөз қызметі боттарға қатысты пікір берді.

"А. және Т. telegram-боттарының (редакция атауын жасырады - еск.) жұмысына жүргізілген алдын ала талдау негізінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке деректерін жинау Telegram, Facebook, WhatsApp, Одноклассники және т.б. сияқты әртүрлі онлайн платформа қызметтерінен жүзеге асырылатынын хабарлаймыз.
Бұл ретте telegram-боттар үшінші тұлғалардың контактілерінде жазылған ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері бойынша мәліметтерді Get Contact сервисінен алады, оған Қазақстан Республикасының аумағынан пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу анықталғанына байланысты қолжетімділік шектеледі", - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Ведомство telegram-боттар тұрғылықты (тіркелген) мекенжайлары туралы ескі мәліметтерді көрсететініне сендірді. Сонымен қатар, кейбір мекенжайлар жалпыға қолжетімді көздерде немесе тауарлар мен қызметтерді жеткізу қызметтерінде көрсетілген болуы мүмкін.

"Сарапшылар пікірінше, telegram-боттар 3 жыл бойы жұмыс істейді және бұрын жарияланған дерекқорлардан ақпарат жинайды, сондай-ақ сервистердегі осалдықтарды пайдалана отырып, деректерді жинақтайды", - деп нақтылады министрлік.

ЦДИАӨМ аталған мәселе бойынша барлық мән-жайды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы мәселені қарау үшін деректер жинауды жүзеге асыратынына сендірді.

"Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз. Қазіргі уақытта министрлік дербес деректердің тарағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
Кәсіпкерлік Кодекске, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға бүгінде Мәжілістің қарауында тұрған дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау функциясын беруді көздейтін түзетулер пакеті әзірленді", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

"Дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың бұзылуына байланысты анықталған телеграм-боттарға қол жеткізуді шектеу үшін тікелей осы факт бойынша ақпарат Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілетін болады", - деп сендірді министрлікте.