Мәжіліс депутаттары "ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады
ERNUR.KZ. "Kazakh invest" ҰК" АҚ мен Қытай Жібек жолы қоры арасында бірлескен жобаларды инвестициялау үшін құрылған қор кірісінің жекелеген түрлері салық салудан босатылады, деп жазады Sputnik.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2016 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімдері аясында "Kazakh invest" ҰК" АҚ мен Қытай Жібек жолы қоры арасында бірлескен жобаларды инвестициялауға капиталандыруы 2 миллиард доллар болатын қор құрылды. Қазіргі уақытта бұл қор Қазақстанға инвестиция салатын ірі инвестициялық қорлардың бірі.
"Қазақстанның Жібек жолы қорымен ынтымақтаса жұмыс істеуге тәжірибесі жеткілікті. Биыл Жібек жолы қоры Астаналық қор биржасының жарғылық капиталына 5 процентпен кірді", — деді министр.
Оның айтуынша, жалпы капиталандыру сомасы 55 миллиард долларды құрайтын Жібек жолы қоры көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор болып саналады. Сол себепті Жібек жолы қорының Астана халықаралық қаржы орталығы биржасына акционер ретінде қатысуы Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал етеді.
"Қазақстан аумағында жобалардың негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемі үлкен болатыны ескеріліп отыр. Сондықтан қордың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – дивидендтерге салынатын салықтан босату. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен жоғарыда көрсетілген үкіметаралық келісімді ратификациялау бойынша тиісті жұмыс жүргізілді", — деді Қасымбек.
Министр Қазақстанда халықаралық шарттар аясында Халықаралық қаржы институттарын, атап айтсақ, Еуропалық қайта құру және даму банкін, Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкін және "Абу-Даби Плаза" секілді жеке жобаларды салықтан босатудың баламалы үлгілері бар екенін атап өтті.
"Қытай мен Қазақстанның өндірістік қуат қорының қатысуымен жобаларды іске асырудың ұтымды жақтары көп. Олар инновациялық технологияларды пайдалана отырып, өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді", — деді ведомство басшысы.
Жобаларды іске асыру мемлекеттен қаржы талап етпейді.