Қазақстанның балабақша тәрбиешілері ойлап тапқан ойын Түркияда танымал болды

0
114

​«Бестемше», «Алаңдағы Бестемше» ұлттық ойындары жоғары баға алды.


Қазақстанның балабақша тәрбиешілері ойлап тапқан ойын Түркияда танымал болды

Фото: білім басқармасы

ERNUR.KZ. Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері Түркияның Амасья қаласында өткен «Ұлттық зияткерлік ойындар және жаһандық мәдениет» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысып, қазақтың ұлттық ойындарын таныстырып, тәжірибелесін бөлісті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Лаура Мошкаловна Қазақстанның атынан делегацияны бастап барды. Семинар барысында тоғызқұмалақ, мангала және бестемше секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

№5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысованың авторлық «Алаңдағы Бестемше» ойынын таныстырып, әлем чемпионаты аясында алғаш рет жарыс өткізді. №61 «Шолпан» балабақшасының меңгерушісі Айгерім Серікқызы ойынды инклюзивті бағытта балаларға бейімдеп ұсынды. №73 «Аяулым» балабақшасының меңгерушісі Венера Каренеева «Бескеней» ұлттық ойынын таныстырды.

Астаналық делегация халықаралық сайыста жоғары нәтиже көрсетті.

Командалық есеп:

«Алаңдағы Бестемше» ойыны бойынша:

  • І орынды – Қазақстан
  • ІІ орынды – Қырғызстан
  • ІІІ орынды – Испания иеленді.

Сондай-ақ, Алиса Нұртас (№5 «Ақбота» балабақшасының спорт нұсқаушысы) – «Бестемше (рапид)» ІІІ орын; ГүлмираТәукебаева (№47 «Ақжелкен» балабақшасының спорт нұсқаушысы) – «Бестемше (рапид)» ІІІ орын алды.

Астана қаласы Білім басқармасы зияткерлік ойындардың дамуына ерекше көңіл бөледі. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің кәсіби дамуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Семинарды «Бестемше», тоғызқұмалақ және мангала ойындары Ассоциациясы мен Амасья қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Сонымен қатар, Анкара қаласында өткен Синджан ғылым фестивалінде қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындары, соның ішінде №5 «Ақбота» балабақшасының «Алаңдағы Бестемше» авторлық ойыны ерекше қызығушылық тудырды. Бір күннің ішінде 972 бала ойын алаңына келіп, 178-і ойынға қатысты.

Фестивальге Синджан қаласының әкімі Мурат Эрджан, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Асуман Ердоған, аудан әкімі Левент Кылыч және білім бөлімінің басшысы Алыжан Кылыч келді. Олар «Бестемше», «Алаңдағы Бестемше», тоғызқұмалақ және мангала ойындарын жоғары бағалады.

Шарада қазақ пен түрік халқы арасындағы рухани жақындық ұлттық ойындар арқылы нығая түсті. «Бестемше» мен «Алаңдағы Бестемше» ойындары түрік балалары арасында да танымал зияткерлік ойынға айналды.